Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жанармайды 50 пайызға дейін арзандатып беру қажет - Қ. Айтаханов

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанар-жағармайды 50 пайызға дейін арзандатып беру қажет.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жанармайды 50 пайызға дейін арзандатып беру қажет  - Қ. Айтаханов

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын талқылау барысында депутат Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.

«Қазір барлық өңірде ауыр шаруашылығы тауарлары, оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы өсіп отыр. Бұның әртүрлі себептері бар болғанымен, негізгі бір себебі өнімдердің өзіндік құнының жоғарылауында. Ал ол құнның үштен бірін мұнай өнімдерінің бағасы құрайды. Мұнай өнімдерінің бағасы неғұрлым жоғары болса, азық-түлік өнімдерінің бағасы да соғұрлым жоғары», - деді сенатор. Сонымен қатар, депутат елімізден жыл сайын 80-85 млн. тонна мұнай өндірілетінін айта келе, ауыл шаруашылығы саласына бұның 1-1,5 пайызы ғана кететінін тілге тиек етті. «Ендеше осы 1-1,5 пайыз мұнай өнімін неге 50 пайызға дейін арзандатып бермеске. Бұл табиғаттың халқымызға берген сыйы ғой. Ендеше осындай мүмкіндік бола тұра оны тиімді пайдалануға тиіспіз. Осылай 50 пайызға арзандатып берсек, азық-түлік бағасы да соншалықты төмендеген болар еді», - деді Қ. Айтаханов.