Ауыл шаруашылығы жерлері бір адамның иелігіне шоғырланбайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір адамның атына ауыл шаруашылығы жерлерінің шоғырланбауын реттейтін шектеу бар. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің бөлім басшысы Самат Сәрсенов мәлім етті.

Ауыл шаруашылығы жерлері бір адамның иелігіне шоғырланбайды

Бір аудан аумағында барлық жайылымдар мен суармалы жерлерді бір адамның сатып алуына рұқсат етілмейді.

«2003 жылы Үкіметтің Қаулысымен бекітілген шектеу бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, яғни жайылым, егістік, шабындық , суармалы егістер бойынша бір заңды тұлға немесе жеке тұлғаның қолында қанша гектарды жекеменшікке беру туралы шектеу қойылған. Бұл шектеу әрбір аудан бірліктері тұрғысында жасалды. Осы шектеуді жасау кезінде жергілікті жерлердің жер жағдайы мен жер ресурстарының көлемі ескерілді. Атап айтқанда, бұған сәйкес, шектеуден артық жекеменшікке жер берілмейді. Бұл норма осы күшін сақтап отыр»,-деді С. Сәрсенов баспасөз мәслихатында.

Осы ретте ол дәулетті адамдардың атына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер өтіп кетуі, солардың қолдарында шоғырлануы мүмкін емес екенін атап өтті.

«Шектеудің көлемі облыстарда,аудандарда әр түрлі. Мәселен, жеке адамға тиісті бір көлемдегі жер ауқымы белгіленсе, өндірістік заңды тұлғаларға бөлек шектеу бар»,-деп тоқталды комитет өкілі.