Ауыл шаруашылығы жерлерін гектарына қарай субсидиялау мәселесін қайта қарау керек - Р. Мәдинов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы жерлерін гектарына қарай субсидиялау мәселесін қайта қарау керек. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесін талқылау барысында депутат Ромин Мәдинов осылай мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы жерлерін гектарына қарай субсидиялау мәселесін қайта қарау керек - Р. Мәдинов

«Бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесіндегі өзгерістерді мен әлі де болса қайта қарастыру керек деп санаймын. Үкімет те, депутаттар да бұл мәсілеге мұқият болса деймін. Соның ішінде гектарына қарай субсидиялаудан бас тартқалы отырмыз екен, бұл бізге керек пе?», - деді Р.Мәдинов.

Бұл ретте депутат ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау мәселесінде шындығында проблемалар шаш етектен екенін алға тартты. Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктер осы бағыттағы жұмыстар барысын бақылауға қауқарсыз. Соның салдарынан кейбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер субсидияны заңсыз алса, кейбір жерде субсидия талан-таражға түсіп жатыр.

«Бұл проблеманы түйінді түрде шешу үшін ауыл шаруашылығы субсидияларының бөлінісін бақылау жөніндегі сақтандыру компанияларын тарту керек. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге егін науқанынан соң сақтандыру компаниясынан берілетін сақтандыру полисі арқылы субсидиялар төлеуге де болатын еді», - деді Р. Мәдинов.