Ауыл шаруашылығы жерлерінің салығын ауыл бюджетіне жіберу ұсынылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы жерлерінің салығы ауыл бюджетіне тікелей бағытталуы тиіс. Бұл ұсынысты Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жер – өндірістің негізгі құралы. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеретін де – осы жер. Сондықтан, ауыл шаруашылығы жерлерінен түсетін салықты төртінші деңгей болып есептелетін ауыл бюджетіне тікелей түсуін қарастыру қажет. Қазір ауыл бюджеті алты түрлі салықтан құралады. Алайда оның жиынтығы ауыл әкімі аппаратының бір айлық жалақысын қамтамасыз етуге де жетпейді. Осыған орай, жер реформалары аясында салық кодексіне де тиісті өзгерістер енгізу керек деп есептейміз. Тағы да қайталаймын, ауыл шаруашылығы жерлерінің салығы ауыл бюджетіне тікелей бағытталуы тиіс», - деді Ж. Дайрабаев Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында.
Сонымен бірге, қауымдастық төрағасы аудан әкімдіктеріндегі жер комиссияларын жоюды талап етті.
«Цифрландыру қарыштап тұрған заманда жемқорлыққа да, адами факторға да жол жоқ. Жерді жалға беру процесі әділ әрі жеңіл болуы керек. Фермерлердің цифрландыру саласында тәжірибесі де, біліктігі де аз. Сондықтан, цифрландыруды енгізе отырып, шаруаларды тегін оқытуды да қолға алған жөн.
Жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін, шабындық болсын, жайылым болсын, негізгі актив ретінде қарастырып, кепілдік бағасын еселеп өсіру қажет. Бұл шаруалардың несие алуын мүмкіндігін жеңілдетеді», - дейді Ж. Дайрабаев.
Бұған дейін Ж. Дайрабаев жердің атадан балаға мұра болуын қамтамасыз етуді ұсынған еді.
Сондай-ақ, спикер жерді жалға алғандардың ашық тізімі болуы керегін баса айтты.
Айта кетейік, бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы жұмысын бастады. Санитарлық нормаларды сақтау қажеттілігіне байланысты комиссия жұмысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында және Facebook парақшасында онлайн көрсетілуде.