Ауыл шаруашылығы жүйесінде жемқорлық қылмыстарға жол ашатын осал тұстар өте көп - А. Мамытбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелерді нығайту, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде өзара келісімге келді.

Ауыл шаруашылығы жүйесінде жемқорлық қылмыстарға жол ашатын осал тұстар өте көп - А. Мамытбеков

«Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарып отырған көптеген шаруалар бар. Солардың барлығында ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі келісімге келіп отырмыз. Бізге бұл меморандум өте қажет. Өйткені қоғам қазір кейбір жағдайда шенеуніктердің сөзіне сене бермейді. Сондықтан тікелей жұмысқа қатысы жоқ, үшінші тарап ретіндегі бірлестіктің бақылап отырғаны қоғамға да үлкен сенім ұялатады», - деп атап өтті шара барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Оның айтуынша, 2013 жылмен салыстырғанда өткен жылы жемқорлық бойынша қылмыстық жазаға тартылғандардың саны 45%-ға азайған. «Дегенмен, жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы жүйесінде жемқорлық қылмыстарға жол ашатын осал тұстар өте көп. Мәселен, субсидия беру барысын айтуға болады. Қазіргі кезде субсидиялардың көптеген мөлшері жергілікті атқару органдарына берілген. Оны қоғам біле бермейді. Ал енді ауыл шаруашылығына субсидия дұрыс берілмей жатыр деген әңгіме шықса, барлығы АШМ дұрыс жұмыс жасамай отыр деп ойлайды. АШМ қызметкерлері жемқорлықпен айналысып жатыр деп түсінеді. Бірақ қателіктер жергілікті атқару органдарының, солардың ауыл шаруашылық бөлімдерінің қызметкерлерінен кетеді. Ал олар біздің жүйемізге кірмейді», - деп түсіндірді министр. Өз кезегінде «Жаңару» бірлестігінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов министрлікпен бірге мемлекеттік қызметкерлердің қоғам алдындағы беделін көтеріп, жемқорлықтың алдын алуда ынтымақтаса қызмет етуге әзір екендіктерін мәлім етті. «Қазір біздің қоғамда мемлекеттік қызметкер міндетті түрде ұрлыққа, жемқорлыққа барады деген теріс пікір қалыптасқан. Әрине, ондайлар жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ біздің мақсатымыз -Мемлекет басшысы алға қойып отырған жемқорлыққа қарсы саясатын орындауға атсалысу. Осы меморандум аясында жергілікті ауыл шаруашылық бөлімдерімен де тығыз қарым-қатынас орнатуға әзірміз», - деді ол.