Ауыл шаруашылығын дамыту үшін Агробанкі құрылуы мүмкін

АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ауыл тұрғындарының банкіден несие алуы үшін жылжымайтын мүліктерін кепілдікке алу мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін Агробанкі құрылуы мүмкін
Осы мақсатта Агробанкті құру жөніндегі мәселені алға қойып отырмыз. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Уәлихан Қоңырбаевтың қойған сұрағына орай жауап берген ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Марат Оразаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында депутат Уәлихан Қоңырбаев ауылдық жерлерде кездесулер өткізген кезде тұрғындар ауыл шаруашылығын дамыту үшін несие бөлініп жатқанын, алайда, қаражат ала алмай отырғандарын айтқан. Ал банктерге барса, үйлері мен дүние-мүліктерін кепілдікке алмайтындарын мәлім етеді. Депутат Агробанкін құру мәселесі қалай шешілуі мүмкін деген сұрақты Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Марат Оразаевқа қойды. «Ұлттық холдингтің құрамындағы үш мекеменің қаржылық қызмет атқаруға лицензиясы бар. Осы үш мекеменің облыстар мен аудандардағы өкілдіктері негізінде Агробанкті құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл ұлттық холдингтің директорлар кеңесінде қаралды. Біраз сұрақтар туындап та отыр. Соған сәйкес бұл мақсаттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады. Қазіргі қаржы жағдайының қиын кезеңінде Агробанкті құруға қолдау табу қиын болатынын түсінуіміз керек. Дегенмен алдағы жылдары бәрібір біз сол мақсатқа жетуге ниеттеніп отырмыз»,- деді Марат Оразаев депутаттың сұрағына берген жауабында.