Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының несие қоржыны 19,7 млрд. теңгеге жетті

АЛМАТЫ. 13 шілде. ҚазАқпарат - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның белсенді қарыз алушыларының саны 1 шілдедегі мәлімет бойынша 17 414 адамды құрады. 201-2012 жылдар аралығында қордың несие қоржынының өсімі 144 пайызға жетті.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының несие қоржыны 19,7 млрд. теңгеге жетті

Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысына қарағанда, «Ауылдық шағын несие» бағдарламасы бойынша 2 549,2 млн. теңгеге 3 мың 38 несие берілді. Онда ауыл тұрғындарына 2005 жылдан бері берілген 65 720 несиенің жалпы көлемі 17,1 млрд. теңгені құрады. Бұл бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде 68 967 адам жұмыспен қамтылып, 421 мың бас мал сатып алынды және 50 мың гектардан астам жер егілді. Ауыл тұрғындары шағын несиені мал мен өсімдік шаруашылықтарына және жеке шаруасын бастауға жұмсайды. Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі - 90,5 пайыз, өсімдік шаруашылығының үлесі - 2,8 пайыз, ал 6,7 пайызы  басқа бизнес түрлеріне тиесілі.

«Бизнес-аймақтар» бағдарламасында ауылдық жерлерде шағын бизнес субъектілерін несиелендіруге жергілікті бюджеттен қаражат тартылды.   Оны  жүзеге асырудың арқасында 2,1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Жергілікті атқарушы органдармен анықталған кемпинг құрылысы, көпшілік тамақтану орындарын дамыту, шұжық, сүт және консерві өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, автосервис қызметі және тағы басқа  басым бағыттар бойынша, аталмыш қор 2009-2012 жылдары 2 075 млн. теңгеге  817 бизнес жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 47,4 млн теңгенің  11 жобасы биылғы жылдың үлесінде.                                                                                                  Жылыжай кешендерін сатып алу, салу және пайдалану жөніндегі «Жылыжай»  бағдарламасы 2008 жылдың ортасынан бастап жүзеге асырылады. Онда төрт жылдың ішінде 255 млн. теңгеге 126 жоба қаржыландырылды. Жалпы аумағы - 6,4 гектар жылыжай салынып, 249 адам жұмыспен қамтылды. Ал «Шағын жылыжайлар кегендерінің лизингі» бағдарламасы бойынша 2010 жылдан бері кешендер бірыңғай инфрақұрылымы және қоймалары бар 50-100 шағын жылыжайдан құрылады. Әр шағын жылыжай 500 шаршы метр аумақты алады. Бұл жоба бойынша жұмысқа үй іргесіндегі шаруашылықтар тартылып, оларға табыс көзі берілуде және ауыл мен жақын орналасқан қалалар тұрғындары кезеңаралық уақытта көкөніспен қамтылады. Онда 2011 жылы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жалпы алаңы 12,7 га болатын 3 кешен іске қосылды. Қаржыландыру сомасы - 775 млн. теңге. Сондай-ақ Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында 220 жылыжайдан құрылған кешендердің құрылысы аяқталуда. Биыл Қызылорда облысында аумағы 28 га болатын және құрамында 70 шағын жылыжайы бар кешеннің құрылысы басталды.

Көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге шағын субъектілерді несиелендіруде  «Егінжай» бағдарламасы бойынша 2010-2012 жылдары қор өз қаражатынан 1 677,3 млн. теңгеге 747 несие берді. Онда  биыл 484,7 млн.  теңгенің  201 жобасы қаржыландырылып, 400 мың га жер егілді, жұмыспен 1141 адам қамтылды.

Етті тұқымды жас малды қалпына келтіру үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ірі қара малдың аналық басын және бұқа-өндірушілерін сатып алуды несиелендіруде  «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырылуда.Онда несиелер 6 пайыздық жылдық сыйақы үстемемен (тиімді сыйақы үстеме - 6,25%), 7 жыл мерзімге беріледі. Несие көлемі - 1 миллионнан бастап 18 миллион теңгеге дейін.

Жалпы, осы бағдарлама бойынша 1 шілдеге дейін  1 200 жобаны жүзеге асыруға 7,5 млрд. теңге (2012 жылы - 475 жобаға 3,2 млрд. теңге) беріліп, қарыз алушылар 42305 бас сиыр және 1528 бас бұқа (2012 жылы - 16015 сиыр мен 845 бұқа) сатып алды.

Ауылды жерлерде білікті мамандар үшін жағдай жасау мақсатында 2010 жылы әлеуметтік саланың мамандарына ауылдық елді мекенде тұрғын үй сатып алуды несиелендіру бойынша мемлекеттік механизм әзірленген болатын. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бағдарламаның Сенімді өкілі (Агенті) «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ болып табылады. Несиенің максималды сомасы - 1 500 айлық есептеу көрсеткіш, мерзімі - 15 жыл, сыйақы үстемесі - 0,01 пайыз. 2010-2012 жылдары қор тарапынан жалпы сомасы 6,9 млрд. теңгеге 5 092 қарыз беру туралы келісімшарт жасалды. Қарыздың ең жоғары сомасы - 1 500 айлық есептік көрсеткіш. Бұл сома жас мамандарға жақсы үй сатып алуға, жөндеуден өткізіп, жайластыруға мүмкіндік береді.