Ауыл шаруашылығын жалған кооперативтерден тазарту керек - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын ретке келтіру керектігін мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ауыл шаруашылығын жалған кооперативтерден тазарту керек - министр

«Ауыл шаруашылығы кооперацияларын біз ерекше талқыға салуымыз керек. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі қолданыстағы ауыл шаруашылығы кооперациялары жеке қожалыққа негізделген. Жалпы, жеке қожалық кооперациялары әлеуметтік жоба ретінде болуы мүмкін. Бірақ, бұл жағдайда біз өнімділікке қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан, еңбек өнімділігін тек қана ірі фермерлер мен шаруалардың кооперациялары арқылы қамтамасыз ете аламыз. Яғни, кооперацияның негізгі бизнесі бола алатын шаруашылықтар арқылы табысқа жете аламыз», - дейді министр.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, жеке қожалықтардың кооперациясының сүтті бағытқа алға жылжығаны тиімдірек.

«Бізге талдау жасау керек. Қазір жұмыс тобы құрылып, өңірлерде Президент Әкімшілігінің, біздің және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері бар комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Комиссия өзінің жұмысын осы айдың соңына қарай аяқтайды. Бәлкім, кооперативтерге арналған Үкіметте үлкен кеңес өтеді», - дейді ол.

Министр сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперацияларына келгенде сұрақтың біршама қордаланып қалғанын тілге тиек етті.

«Осының бәрін ретке келтіру керек. Біздің ойымызша, бұл бағдарламаны ары қарай жалғастырып, оңтайландыруға тиіспіз. Қолдан жасалған (жалған) кооперативтер, формальды түрде құрылған кооперативтер жетерлік. Олардың барлығын тазарту керек. Шынында жұмыс істеп жүргендердің сапасын арттырған абзал. Аталған кооперативтердің жұмысына баға беріп отыратын индикаторларды енгізген дұрыс», - деп түйді министр.