Ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия ережелері халықаралық стандарттарға жақындастырылуы тиіс

АНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия ережелері мен тетіктері мейлінше халықаралық стандарттарға жақындастырылуы тиіс.

Ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия ережелері халықаралық стандарттарға жақындастырылуы тиіс

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан фермерлерінің 3-республикалық конференциясында «Қазақстан фермерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Әуезхан Даринов мәлім етті.

«Мәселен, Қазақстанда ауыл шаруашлығына бөлінетін субсидиялардың барлық түрлері елдің ЖІӨ-нің 2 пайызына жуық қаржыны құрайды. Салыстырып қарайтын болсақ, Еуроодақ мемлекеттерінде бұл көрсеткіш 48 пайызға, АҚШ-та - 28, Канадада - 21, Жапонияда - 71, ал біздің Кедендік Одақ бойынша әріптесіміз Беларусь елінде 18 пайызға тең»,-деп атап көрсетті Ә. Даринов.

Оның айтуынша, 2010 жылы шаруалар игерілген жерінің әрбір 500 гектары үшін 175 мың теңге субсидия алды. Еуроодақ мемлекеттерінің фермерлері дәл сондай егістік көлемі үшін мемлекеттен 245 мың АҚШ доллар шамасында субсидия көреді.

«Дизель отынының 1 литрі 70 теңге екендігін ескерсек, шаруа ол қаржыға тек 2,5 тоннасын сатып ала алады. Орта есеппен 1 гектарға 36 литр отын кетеді. Санап отырсақ, 2,5 тонна дизель отыны 84 гектар жерге ғана жетпек. Өз кезегінде Еуроодақ елінің шаруасына берілген субсидия қаржысы отынынан бөлек, трактор, қосымша саймандар, жаңа технологиялар сатып алуға да жетеді»,-дейді елдің бас фермері.

Ә.Дарыновтың айтуынша, Одақ болашақта субсидия көлемін елдегі ЖІӨ-нің 10 пайызына теңестіру мәселесін Үкімет алдына қоймақ.

Оның сөзіне қарағанда, субсидия мен несие рәсімдеу шаралары фермерлерге өте қымбатқа түсуде.