Ауыл шаруашылығына кадрларды тек мамандандырылған жоғары оқу орындары даярлауы керек - А.Бұлашев

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ауыл шаруашылығына кадрларды тиісті мамандықтар бойынша ғылыми әлеуеті, материалдық-техникалық базасы бар жоғары оқу орындары ғана дайындауы керек.

Ауыл шаруашылығына кадрларды тек мамандандырылған жоғары оқу орындары даярлауы керек - А.Бұлашев

Бұл пікірін бүгін Астанада «Қазақстан Республикасы аграрлық университеттерінің күндері» аясында өткен мәжілісте С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

А.Бұлашевтың пайымдауынша, ауыл шаруашылығына кадрларды ғылыми әлеуеті, материалдық-техникалық базасы бар жоғары оқу орындары ғана дайындауы керек. Ал Қазақстанда ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын университеттердің ұзын саны 23-ке жетіп отырған қазіргі жағдайда, жаңадан ашылған жекеменшік жоғары оқу орындары агрономдар мен зоотехниктерді, тіпті ветеринария мамандықтарын оқытуға лицензияларды оңай алып отырғандығы аграрлық салада еңбек ететіндерге түсінбеушілік туғызуда.

Ректордың айтуынша, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Ұлыбританияда мал дәрігерлерін тек төрт университет қана дайындайтын болса, Қазақстанда ондай университеттердің саны бүгінгі күні 8-ге жеткен.

А.Бұлашев бұны - мамандандырылмаған оқу орындарына лицензияларды оңды-солды таратуды былай қойғанда - мемлекеттің білім гранттарын талан-таражға салу деп түсінетіндігін жеткізді. «Гранттардың осындай талан-таражға салынуы оқу топтарын толыққанды қалыптастыруға мүмкіншілік бермей, білім сапасына кері әсерін тигізуде», - деп атап өтті ректор.