Ауыл шаруашылығында сарқынды суларды пайдаға жарату керек - сенатор
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Сенаты отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев суаратын судың тапшылығы, ауыл шаруашылығы үшін қосымша ылғал көздерін пайдалану, сондай-ақ Алматы және Жетісу облыстарында суармалы жерлердің тиімділігі мен көлемін арттыру проблемаларын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Депутат Жетісу облысы Панфилов ауданының өзендерінде вегетациялық кезеңде су қоймаларын салу маңызды деп санайды. Мұндай тәсіл аудан ауылдарының суармалы егістігін қажетті сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сенатордың пікірінше, суармалы жерлерді өңдеудің тиімділігін арттыру – еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы. Сондықтан, бұл саланы дамытуға басымдық беру аса маңызды.
«Осыған орай, Қорғас, Өсек, Тышқан өзендерінің мүмкіндіктерін ескере отырып, осы өңірде су қоймаларын салу мәселесін қарастырып, Балқаш ауданында орналасқан Ақдала суармалы алқабындағы Тасмұрын магистральдік каналының бойын шөгінділер мен су өсімдіктерінен, бұталардан тазарту керек. Су заңнамасын жетілдіру, яғни бiр суару каналында немесе оның бөлiгiнде орналасқан екi және одан көп жер пайдаланушыларға тиесілі суармалы алқаптарды суару үшін суару каналын пайдаланудың тәртібін белгілейтін ережені бекіту қажет. Сонымен қатар, сарқынды суларды ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану және оларды есептеу әдістемесін әзірлеу керек», - деді Жанболат Жөргенбаев сауал жолдай отырып.