Ауыл шаруашылығында таңдаулы тұқым алу түйткілді мәселеге айналды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл күндері ауыл шаруашылығында таңдаулы тұқым алу үлкен мәселеге айналып отыр.Осыған байланысты түрлі мекемелер тұқымның сапалы сортын алу бойынша бас қатыруда.
Соның бірі - «ОХМК» («Опытное поле масличных культур»), яғни қазақшалағанда «Май дақылдарының тәжірибелік шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл шаруашылық алғаш рет 1965 жылы құрылды. 2006 жылдан бастап жеке серіктестік ретінде жұмысын жалғап келеді, деп жазады «Айқын» басылымы.
«ОХМК» серіктестігі Өскемен қаласынан 3 шақырым жерде орналасқан. Одан бөлек Зырян мен Шемонаиха маңында, Ұлан ауданында мекеменің шаруашылық жайлары бар. Қазіргі уақытта серіктестіктің жалпы аумағы - 9353 гектар. Оның 6635 гектары - егістік алқабы.
Шаруашылық бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Ұрықтандыру және тұқым шаруашылығы, тұқымдардың ең таңдаулы түрлерін шығару, ірі қараның асылтұқымды түрлерін көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жүзеге асыру және қайта жөндеу және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу және ғылыми мақұлданған жобаларды өндіріске енгізу.
Қазіргі уақытта «ОХМК» ЖШС шаруашылық базасындағы майлы және дәнді дақылдар бөлімінде түрлі зерттеу жұмыстары атқарылуда. Сүт-тауар фермалары шаруашылығы базасы аясында жаңа инновациялық технологиялар енгізілуде. Мұнда интенсивті технология арқылы күнбағыс, рапс, соя, зығыр, саңырауқұлақ, қыша тұқымдарының бірнеше будандары мен сорттары дайындалды. Ғылыми зерттеу бөлімінде бүгінде 32 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Олардың 14-і майлы дақылдарды сұрыптау, 7-еуі майлы дақылдардың тұқымын алу, 9-ы дәнді дақылдардың тұқымын алу бөлімдерінде қызмет атқаруда. Одан бөлек Беларуссия мен Украинадан келген шетелдік мамандар да жұмысқа тартылған. Ұжымда 4 ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 5 ғылыми қызметкер, 6 кіші ғылыми қызметкер, 9 лоборант, 2 агроном және 6 механизатор мен техникалық қызметкер бар. Бұлардың арасында мекемеде 20-30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер де бар. Ал жалпы алғанда барлығы 320 адам осы шаруашылықта қызмет етеді.
Мұндағы дәнді тұқымдар бөлімі 2014 жылы іске қосылды. Сөйтіп, Қазақстан, Ресей және Беларуссияның қысқы бидай тұқымдарының түрлі сорттары алынды. Қазірге дейін мекемеде бидай тұқымының 19 мың сорты алынған. Ал майлы тұқымдар бөлімінде күнбағыстың таңдаулы тұқымын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта мұнда күнбағыстың 263 түрлі тұқымына зерттеу жұмысы жасалуда.
Серіктестік тек өзі ісінің сақа мамандарымен ғана емес, қажетті технологиялық жабдықтармен де толықтай қамтамасыз етілген. Ғылыми жобаларды жасауда жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін бар мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл жерде байырғы техникалардан бөлек, заманауи ауылшаруашылық машиналары, шетелдік өндірушілердің құрал-жабдықтары да жетерлік. Майлы тұқымдар тәжірибе шаруашылығы сондай-ақ күнбағыстың 6 будандасқан түрі бойынша патент алған, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі аккредиттендіруден өткен. Одан бөлек мекеме күнбағыстың ең таңдаулы, соны тұқымдарын, жаздық бидай тұқымын шығарумен айналысады.
Егіншіліктен бөлек бұл серіктестік асылтұқымды мал шаруашылығын да жолға қойған. Мұнда бір орнында қалып қоймай, алға қарай өрлеу мақсатында түрлі шаралар жалғасын тауып жатыр. Атап айтқанда, мал шаруашылығы, егіншіліктегі әлемдік тенденцияларды үнемі бақылап отырады. Шаруашылық аясында түрлі семинарлар мен курстар ұйымдастырылып, мамандардың біліктілігін көтеруге күш салынуда. Егін алқабындағы жұмыстармен танысу мақсатында әртүрлі ұйымдардың өкілдері шақырылып, жаңа технологияларды айналымға енгізуде. Шетелден, еліміздің басқа аймақтарынан алдыңғы қатарлы технологияларды бір кісідей меңгерген мамандарды алдырып, тәжірибе алмастыру жұмыстары да жүріп жатыр.
«ОХМК» ЖШС бүгінде белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласының озық маманы Ришат Ахмадиев басқарады. Ахмадиевтің басшылығының арқасында серіктестік жұмысы алға басуда. Өнім көлемі жылдан-жылға артып келеді. Жаздың ыстық болғанына қарамастан, «ОХМК» шаруашылығы жоғарғы көрсеткішке қол жеткізуде. Атап айтар болсақ, қыстық тұқым 60 цн/га, дәнді тұқымдар орта есеппен 37 цн/га, күнбағыс 21 цн/га болды. Қыстық тұқымның жалпы көлемі 4 744,24 тонна, жаздық тұқым 8 344,88 тонна, күнбағыс 960 тоннаны көрсетті.
Мекемеде мал шаруашылығы да дамып келеді. Әсіресе, мұнда сүт өнімдеріне басымдылық берілген. Қазіргі таңда шаруашылықта 2500 бас ірі қара бар, оның 1300-і - төлдейтін мал. Соңғы 9 айда сүт өнімділігі 3 594,6 тоннаны көрсетті. Бұл дегеніміз әр сиырдан 6000 литр сүт алынады деген сөз. 2014 жылы сол сиырлардан 910 бас бұзау туылса, 2015 жылы оның саны 1 000-ға дейін жетті.
2013 жылы «ОХМК» ЖШС аумағынан майлы және астық тұқымдарын тазалауға арналған заманауи тұқымтазалағыш кешені бой көтерді. Бұл кешеннің артықшылығы тұқымды 5, 6 деңгейге дейін тазалай алады. Кешеннің қуаты тәулігіне 100 тонна дәнді тұқым, 88 тонна майлы тұқымды тазалауға жетеді. Одан бөлек 16 қойма алаңы бар. Оптика-электронды сұрыптау машинасы, сандық камералармен жарақтандырылған. Өнімділігі -2.4 т/сағ м3. Ал кешеннің жалпы аумағы - 20 388 м3. Мұндай керемет құрылғыны Германия жасап шығарды. Кешен, негізінен, заманауи машиналар, транспорттық құрылғылардан тұрады. Соның арқасында өнімділік көрсеткіші арта түсті. Бұл кешен соңғы технологиялар бойынша дайындалған. Машиналар мен транспорттық құрылғылардың бәрі де пульт арқылы қашықтықтан басқару бойынша жүргізіледі, мұны екі оператор ғана атқарады. Тұқымтазалағыш кешеннің қуаты тек Глубоковс ауданын ғана емес, облыстық басқа да аудандарын жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз ете алады.