Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкер басшылардың 31 пайызы - әйелдер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы ауыл шаруашылығының өнімін өндіруші жеке кәсіпкер басшылардың 31,3% - әйелдер. Finprom.kz ресурсы осы салаға маманданған заңды тұлғалардың құрылымына талдау жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкер басшылардың 31 пайызы - әйелдер

Finprom.kz ауыл шаруашылығында нақты жұмыс істеп жүрген заңды тұлғалардың саны маусым айының аяғында 17 мың құрылыммен толыққанын жазады.

Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 6,7% көп деген сөз.

Алайда жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтардың саны 1% ғана өсіп, 221,8 мыңға жетіп отыр.

«Жеке кәсіпкерлік саласындағы ауыл шаруашылығының өнімін өндіруші ұйымдардың әйел басшыларының үлесі 31,3% болып отыр.

Бұл көрсеткіш шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарда – 25,8%, заңды тұлғаларда –17,2%.

Өңірлер бөлінісін алып қарасақ, маусым айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың жартысынан астамы 20 аймақтың бесеуінде ғана шоғырланған: Түркістан (3,6 мың), Ақмола (1,9 мың), Солтүстік Қазақстан (1,4 мың), Алматы (1,2 мың) және Қостанай (936) областары»,- деп жазады Finprom.kz.

Айта кетсек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуына қарағанда, биыл форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына бөлінген 100 млрд теңгенің 80 пайызы игерілген.