Ауыл шаруашылығындағы ылғал қорын сақтау технологияларын пайдаланғандарға белгіленген жоғары субсидия тиімділігін көрсетті - А.Күрішбаев
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ауыл шаруашылығы министрлігі ылғал қорын сақтау технологияларын пайдаланғандар үшін жоғарылатылған субсидия бөлу жөніндегі нормативтер белгіледі. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай әдіс тек өткен жылдың өзінде ғана аталмыш технологияларды қолдану алқаптарын 35 пайызға ұлғайтып, егістік алқаптарының шамамен 60 пайызын қамтуға мүмкіндік берген. «Субсидиялау нормативтерін теңдестіру суармалы егін шаруашылығына қатысты да жасалды», деді министр.
Оның айтуынша, министрлік бұрын субсидияларды негізінен өндірісті қолдауға бағыттап, нормативтерді «тепе-теңдік» қағидаты негізінде жүзеге асырып келген болса, 2008 жылдан бастап бұл тәжірибеден бас тартып, нормативтерді саралау және субсидия алушыларға қосымша талаптар қою арқылы оларды ынталандырып отыр.