AUYL SPORT – 2026: Атырау мен Алматы облысының жас спортшылары көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосқан AUYL SPORT – 2026 республикалық турнирі аяқталды. Бес күнге созылған жарыста 107 медаль сарапқа салынып, алтын жүлде саны бойынша Атырау мен Алматы облыстары көш бастады. Ал жалпы медаль саны жағынан Түркістан облысы үздік нәтиже көрсетті.

в
Фото: Тимур Құлыбаевтың Halyk» қайырымдылық қоры

3-7 қараша аралығында өткен республикалық турнир биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Ауыл балалары бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және шағын футболдан өзара мықтыны анықтады.

Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан жобаға биыл еліміздің 17 өңіріндегі 400-ден астам ауылдан 12 мың бала тартылды. Солардың арасынан іріктелген 1700 жас спортшы елордада өткен республикалық финалға жолдама алды. Жобаның алғашқы маусымында финалға 1300 бала қатысқан болатын.

Биыл жарыс бағдарламасына алғаш рет шағын футбол енгізілді. Ал былтыр үстел теннисі қосылған еді. Осылайша ауыл балаларының спорттың әртүрлі түрінен қабілетін көрсетуіне мүмкіндік кеңейіп келеді.

в
Фото: Тимур Құлыбаевтың Halyk» қайырымдылық қоры

Бес күнге созылған жарыстың қорытындысында 30 алтын, 30 күміс және 47 қола медаль табысталды.

Алтын жүлде саны бойынша Атырау және Алматы облыстарының спортшылары үздік шықты. Екі өңірдің өрендері де бес-бестен алтын медаль иеленді. Атырау облысының қоржынында бес алтынмен қатар үш күміс және үш қола медаль бар. Ал Алматы облысының спортшылары бес алтын, екі күміс және сегіз қола жүлдеге қол жеткізді.

Маңғыстау облысы да жоғары нәтиже көрсетті. Өңір спортшылары төрт алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды.

в
Фото: Тимур Құлыбаевтың Halyk» қайырымдылық қоры

Жамбыл облысының өкілдері үш алтын, үш күміс, бір қола жүлде иеленсе, Ақмола облысының спортшылары үш мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Жалпы жүлде саны жағынан Түркістан облысы алға шықты. Өңірдің жас спортшылары екі алтын, жеті күміс және жеті қола медаль алып, барлығы 16 жүлде еншіледі.

Биыл республикалық финалдың жүлде қорына 15,5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Турнирді ұйымдастырудағы маңызды ерекшеліктің бірі – қатысушылардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын Halyk қайырымдылық қоры толық өтеуі.

Бұл әсіресе шалғай елді мекендерден келген балалар үшін маңызды. Өйткені республикалық жарысқа қатысу мүмкіндігі отбасының қаржылық жағдайына емес, жас спортшының дайындығы мен қабілетіне байланысты болуы тиіс.

Турнирдің ашылу салтанатында Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев осы мәселеге ерекше тоқталды.

у
Фото: Тимур Құлыбаевтың Halyk» қайырымдылық қоры

– Баланың таланты мен жеңіске деген ұмтылысы оның қай жерде туып-өскеніне байланысты емес. Әр ауылда, әр елді мекенде үлкен спортты армандайтын балалар бар. Біздің міндетіміз – олардың сол арманға жетуіне мүмкіндік жасау. Бүгінгі қатысушылардың әрқайсысы айлар бойы жаттығып, республикалық жарысқа жолдама алды. Мұның өзі – үлкен жетістік. Өйткені балалар спортына салынған инвестиция – елдің денсаулығына, болашағына салынған инвестиция, – деді Нариман Мұқышев.

Жарысқа Спорт және Оқу-ағарту министрліктерінің вице-министрлері, қоғам қайраткерлері мен танымал спортшылар да қатысты.

Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жас өрендермен кездесіп, оларға жігер берді.

AUYL SPORT жобасының үш маусымы ауыл балаларының республикалық деңгейде өнер көрсетуіне мүмкіндік беретін ауқымды спорттық бастамаға айналды.

Алғашқы маусымнан бері ақтық сынға қатысушылар санының 1300-ден 1700-ге дейін өсуі, спорт түрлерінің көбеюі және іріктеу кезеңіне 12 мың баланың қатысуы ауылдағы спортқа қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Биылғы турнир аяқталғанымен, жас спортшылардың алдағы жарыстарға дайындығы жалғаса береді. Республикалық додада шыңдалған өрендер енді халықаралық деңгейдегі бәсекелерде ел намысын қорғауды мақсат етіп отыр.

AUYL SPORT – 2026 турнирінің басты нәтижесі де осы: ауыл балаларының талантын танытып, оларға үлкен спортқа қадам басуға мүмкіндік беру.