«Ауыл статусын анықтаудың қазақстандық үлгісі керек»-республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ауыл статусын анықтаудың қазақстандық үлгісі керек»-республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында "Басым міндеттер атап өтілді" деген тақырыппен мақала басты. Онда Ішкі істер министрлігінің жаңа басшысы таныстырылғаннан кейін Елбасы өткізген мәжілісте көтерілген мәселелер жазылған. «Президенттің Жарлығымен ге­нерал-майор Қалмұханбет Қа­сымов Ішкі істер министрі болып тағайындалды. Құқық қорғау ведом­ствосы­ның қызметкерлеріне жаңа Ішкі істер министрін таныстыра оты­рып, Президент полиция және ішкі әскер қызметкерлеріне жақ­сы жұмыстары үшін алғысын ай­тып, басым міндеттерді атап өтті», - делінген мақалада.

Сондай-ақ басылымның бүгінгі санында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауындағы жеңісімен құттықтаған әртүрлі сала мамандарының пікірлері топтастырылып «Бүкіл елдің қуанышы» деген тақырыппен беріліп отыр.ҚР Ұлттық инженерлік академиясының бірінші вице-президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі Надир Надиров былай дейді: «Еліміздің ғылыми-инженерлік қауымдастығы өткен кезектен тыс президент сайлауында Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын жаппай қолдады деп айта аламын. Оның белсенді де жасампаз қызметі бізге ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі. Дәл қазір Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің қайтадан сайлануына байланысты әлем елдерінің, оның ішінде, барлық ірі державалардың басшыларынан қызу құттықтау алып жатқаны да тектен-тек емес. Мұның өзі біздің Президентіміздің әлемдік деңгейдегі саяси және мемлекеттік қайраткер екенінің айқын дәлелі, ал оның кезекті жеңісі - әлемдік деңгейдегі оқиға».

***

«Еріген қардың әлегі ел-жұртты әбігерге салды». «Айқын» басылымы бүгінгі санында осындай тақырыппен берілген мақалада еріген қардың салдарынан орын алып отырған күрделі проблема жөнінде жазылған. «Тек қаңтардың ортасына таман Орал өңірінде жер бетін «ақ көрпе» жапты. Содан күні кешеге дейін біздің жақта Құдайдың құтты күні қар жауумен болды. Енді көктем әбден күшіне енген сәтте әлгі ағыл-тегіл қар көл-көсір суға айналып, қала ғана емес, талай ауылды әбігерге салуда. Тасқынның тосын мінезі, әсіресе Тасқала, Зеленов, Теректі аудандарында анық байқалуда», - делінген мақалада.

«Кеше Қазақстанның жаңа Үкіметі толық құраммен жұмысқа кірісті. Сол күні жаңарған Министрлер Кабинеті өзінің тұңғыш жиынына жиылды. Бұл отырысқа олар журналистерді жібермей, өзара жеке бас қосты. Біздің білуімізше, Премьер-министр Үкімет мүшелерімен алдағы қызу жұмыстың жөн-жосығы мен жоба-жоспарын пысықтапты. Әрине, мемлекеттің стратегиялық бағдары белгілі, оны Қазақстан көшбасшысы айқындап қойған. Сондықтан Үкіметке тек оны іске асырар тактиканы белгілеп, іс-қимылға соны серпін беру жайын қамдау қалады», - деп жазады «Айқын» басылымы. Мақала «Біраз өзгерістер болды» деген тақырыппен беріліп отыр.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Ауыл статусын анықтаудың қазақстандық үлгісі керек» деген тақырыппен проблемалық мақала жарық көрді. Басылымның хабарлауынша, қазіргі таңда ауылдан қалаға ет пен сүт бұрынғыдай ағылмайды. Малдың терісі мен жүні өртеліп, желге ұшып, іріп-шіріп әр жерде жатыр. Қала қазағы ауылдан соғым етін де күтпейді. Қала баласын ауылға демалуға жіберу үрдісі де қалып барады. Себебі ауылдың барын бағалап, қадіріне жет алмауымыздың салдарынан бүгінде ауылдарымыз жойылып барады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 5 жылдың көлемінде аймақтың картасынан 48 ауыл жойылған. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 700-де елді мекен қалса, олардың әрбір оныншысы қазірдің өзінде «болашағы жоқ» деп танылған.

Сондай-ақ осы басылым бүгінгі нөмірінде М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ректоры Әділбек Ботабековтен алынған сұхбат жарияланды. Онда жоғары оқу орнының ректоры еліміздің білім беру саласында орын алып отырған олқылықтар жайлы айтып, осы сала қызметіне қатысы өзінің ойымен бөліседі. Ә.Ботабековтың сөзіне қарағанда, елімізде жоғары оқу орындарындағы кредиттік білім берудің қазақстандық үлгі әлі толық дамымаған. Оқу үдерісін ұйымдастыруды реттейтін мемлекеттік жетекші құжаттар әлі жоғары сапада емес. Қазақстанда білім берудің кредиттік технологиясы жаппай қолданысқа 2004 жылдан бастап енгізілуіне қарамастан әлі де шешуін таппаған мәселелер бар. Өйткені Қазақстанда кредиттік технология бұрынғы кеңестік дәстүрлі жүйемен будандастырылған. Осыған байланысты көптеген қайшылықтар туындаған.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Конкурентов у Лидера нет» атты мақала басылды. Онда ҚР Президентінің кезктен тыс сайлау қорытындысына арналған Астанада өткен жиын барысында көтерілген мәселелер жайлы жазылған.