Ауыл түлектерін ҰБТ-ға жеткізетін кәсіпорын мемлекеттік сатып алулар арқылы анықталуда
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылорда облысы аумағы бойынша ҰБТ өткізілетін 9 тестілеу орталығы талапқа сай техникалық қондырғылармен түгел жабдықталды.
Бұл туралы өңір әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Мәлім болғандай, тестілеу орталығынан 50 шақырымнан қашық орналасқан шалғай елді мекендерден келетін оқушыларды көлікпен, сондай-ақ ыстық тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етуге мемлекеттік сатып алу процесі жүргізілуде.
Жиында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ.Аханаева осы бағытта атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі 20-22 маусым аралығында өтетін ҰБТ сынағын жоғары талапқа сай өткізуді, бұл орайда қоғамдық қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалауды тапсырды.