Ауыл тұрғындары үшін чек-ап пакеттері енгізілуде – министр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, чек-ап пакеттері үш негізгі жас тобы: 18-29 жас, 30-44 жас, 45-65 жас бойынша енгізіледі. Қазіргі уақытта қажетті диагностикалық қызметтердің көлемі және оларға қажетті қаржыны есептеу жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде қала мен ауыл тұрғындары арасында профилактикалық тексерулердің қол жетімділігінде дисбаланс орын алғаны баршаға мәлім. Осыған байланысты ағымдағы жылы ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексеру пакеттерін, оның ішінде бірінші кезеңде ауылдық медициналық пунктер базасында енгізу жоспарлануда», - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалар контингенті ауруларының алдын алуға күш салуды жоспарлап отыр.
«Балалардың денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде министрлік алдын алуға ерекше назар аударатын болады. Өйткені ересек халықтың денсаулығының негіздері мен болашақ ауруларының алғышарттары дәл балалық шақта қаланады. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан зерттеулердің ағымдағы көлемін ескере отырып, балаларды профилактикалық тексеру пакеттері кеңейтілетін болады», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Қазіргі уақытта пакеттерді түпкілікті қалыптастыру, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу және профилактикалық тексерулерді қаржыландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан басқа, мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізілетін болады. Бұл оқушыларды кәсіптік қарау тәсілдерін жүйелеуге және АІЖ, тірек-қимыл аппараты, көру және т. б. ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді.