Ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамту қалай жүргізілуде
Үкімет басшысының атап өтуінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 233-бабы 6-тармағына сәйкес аудан орталығынан шалғайдағы, дәріханалар жоқ елді мекендерде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізу медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы және жылжымалы дәріхана пункттері арқылы жүзеге асырылады.
«Өңірлер мәлімдеген қажеттілікке сәйкес амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін «СК-Фармация» ЖШС 542 дәрілік заттар және медициналық бұйымдар атауын 116,6 млрд теңгеге, оның ішінде ауыл тұрғындары үшін – 30,7 млрд теңге, стационарлық деңгей үшін – дәрілік заттар және медициналық бұйымдардың 1 018 атауын 110,6 млрд теңге сомасына, оның ішінде ауылдық ауруханалар үшін 9,5 млрд теңге сомасына сатып алды», - деді Асқар Мамин.
Премьер-Министрдің айтуынша, ауылдық елді мекендерді дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мониторингі, денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия деңгейінде жүргізіледі.