Ауыл тұрғындарына шаң жұтқызған Шетпедегі карьерлерді экологтар тексерді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының экология департаменті Шетпе кентіндегі карьерлерге жүргізілген тексеру нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл тұрғындарына шаң жұтқызған Шетпедегі карьерлерді экологтар тексерді

ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен Шетпе кентінде тексеру жүргізілген. Нәтижесінде бірқатар экологиялық заңбұзушылық анықталды.

Бұл жайында қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов мәлім етті.

Спикердің айтуынша, 10 мекемеге тексеріс жүргізілген.

Атап айтсақ, «Қазына Маңғыстау» ЖШС, «Шетпе-Тас» ЖШС, «Шетпе Тас ЛТД» ЖШС, «Теміртас-1» ЖШС, «Нұра» ЖШС, «Мұңал-М» ЖШС, «Бай бег» ЖШС, «МКДСМ» АҚ, «Азия Тас 1000» ЖШС, «Аян-Ақтау» ЖШС тексерілген.

Қазір «К.Х.Сейдалиев А.Қ.» ЖК мониторинг жүріп жатыр.

- Бұрғылау кезінде тау жыныстарының жаппай жарылу шегі сақталмайды (бұл қоршаған ортаға діріл-шу әсерін тигізіп, ауыл тұрғындарының ерекше наразылығын туғызады). Өндірістік экологиялық бақылау есебі уақтылы тапсырылмаған, жер қойнауын пайдаланушылардың тау-кен массасын ұсақтау жұмысы жүргізілетін жерді ылғалдандыру үшін суды дұрыс пайдаланбауынан шаң көтерілген,-деді Руслан Төкенов.

Департамент карьерлер мен ұсақтау-елеу зауыттарына кіреберісте өндірісаралық асфальт жолдарын су моншаларымен бірге салуды, жер қойнауын пайдалану үшін карьерлерді жабу мәселесін кеңінен қарастыра отырып (жауапты мемлекеттік органдардың шарт талаптарын сақтамауы), жаңа лицензия беруді шектеуді ұсынды.

- Анықталған экологиялық заңбұзушылықтар прокуратураға жолданған, бүгінгі таңда прокурордың актісін күтіп отырмыз,-деді Руслан Төкенов.

Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Шетпедегі карьер иелерінің санитарлық нормаларды бұзып отырғанын айтқан болатын.

Маңғыстау облысында елді мекендер маңындағы карьерлердің шаңынан зардап шеккен тұрғындар бірнеше рет шағым түсірген.

Карьер иелеріне экология департаменті бірқатар талап қойып, нұсқау бергенімен, олар әлі де орындалмаған.

Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының маңында 29 карьер бар. Қазіргі таңда оның 11-і істеп тұр.

Жергілікті тұрғындар карьер иелерінің экологиялық талаптарды бұзғаны жөнінде бірнеше рет шағымданған. Мәселе өңірдегі жер қойнауын пайдалану және карьерлердің жұмысына арналған отырыста талқыланды.