Ауыл тұрғыны 4 млн теңге несие уәде еткен алаяққа алданып қалған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында алаяқ жергілікті тұрғынға «4 млн теңге несие алып беремін» деп, алдап кеткен. Өздігінен ақшасын қайтара алмаған ол полицияға арызданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл тұрғыны 4 млн теңге несие уәде еткен алаяққа алданып қалған

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазығұрттық тұрғын 4 млн теңге несие алып беруге уәде еткен адамға 210 мың теңге бергенін айтқан. Қомақты ақшаны алған соң, ол ізін суытқан.

Күдіктіні ұстау мақсатында жедел-тергеу тобы құрылып, ақпарат көздері арқылы оның тұлғасы анықталған. Нәтижесінде тұрып жатқан мекенжайы бойынша ұсталды. Кінасын толық мойындаған. Сот шешімімен ол «ешқайда кетпеу туралы» қолхатпен босатылды.

«Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бұдан да басқа қылмыстық оқиғаларға қатыстылығы анықталуда», - деді полицияда.