Ауыл тұрғыны блокпосттан өту үшін пара ұсынған – Алматы облысы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының полиция қызметкерлері блокпосттан өту үшін пара ұсынған азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл тұрғыны блокпосттан өту үшін пара ұсынған – Алматы облысы

Оқиға 17 сәуірде Іле ауданында орналасқан № 4 карантиндік блокпостта болған.

«Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне патрульдік полиция батальонының инспекторы оған белгісіз ер адамның Алматы облысынан Алматы қаласының аумағына кедергісіз өту үшін бес мың теңге көлемінде пара бермек болғаны туралы хабарлаған. Сағат 19.00 шамасында біздің қызметкерлер Байсерке ауылының 40 жастағы тұрғынын ұстады», - деді Алматы облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Әсет Карменов.

Аталған дерек ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігіне (Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

«Ұсталған азамат Алматы қаласына өту әрекетін достарыммен кездесіп, серуендеу үшін деп түсіндірген. 5000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленіп, іс жүргізу тәртібімен іс материалдарына қосылды», - деп толықтырды Ә. Карменов.