Ауыл жастары қалаға үдере көшпей, ауылда еңбек етсін десек, оларға барынша жағдай жасау қажет - сенатор Жабал Ерғалиев
ТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ауыл жастары қалаға үдере көшпей, аграрлық салада еңбек етсін десек,
оларға барынша жағдай жасау қажет»,-дейді дейді Парламент Сенатының жаңадан сайланған депутаты Жабал Ерғалиев. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысынан соң журналистерге сұхбат берген сенатор осылай деді.
Оның айтуынша, Елбасы жақында Ақмола облысына жасаған сапарында өңірде мал шаруашылығын дамыту мәселесіне назар аударып, ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы жастарымызды мал шаруашылығы саласында еңбек етуге жұмылдыру мәселесін көтерді. «Ал жастар мал шаруашылығымен айналыссын десек, ауылдарымызда жақсы үйлер салуымыз керек. Қазір Ақмола мен Көкшетау өңірінде ауылдағы үйлердің барлығы тың игеру кезінде салынғандар. Қазіргі уақытта олардың тозығы жетті. Бүгінгідей керемет астанасы бар, керемет ғимараттар салынып жатқан елде ондай үйлерде жастардың тұрғысы келмейтіні түсінікті. Сондықтан бізге ауылдық жерлерде тұрмысқа қолайлы үйлерді көптеп салу керек. Сонда ғана ауылға жастар барып, еңбек етеді. Қорыта келгенде бізге ауылдан жастар кетпейтіндей ету керек»,-деді депутат.
Оның пікірінше, ауылға түрлі себептермен келіп қалған және ауылда жұмыссыз жүрген жастардың барлығын өз елдерінде, ауылдарында еңбек ететіндей, отбасын құратындай жағдай жасау керек. «Өйткені ауыл біздің алтын ұямыз. Бұл бағытта әрине, елде бірқатар бағдарламалар да бар. Енді сол бағдарламалардың сапалы, талапқа сай жүзеге асуына үлес қосу керек», -деді сенатор.
Сондай-ақ ол Ақмола облыстық мәслихатының депутаттарына шынайы ризашылығын білдіретіндігін жеткізді. «Мені «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы ұсынып, Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары, аудандық, қалалық мәслихаттар депутаттары сенім білдірді. Адамның сенімі, халықтың сенімі мен үшін ең үлкен мәртебе. Ақмола облысының депутаты болып сайланғаннан кейін болар, осы өңірдің біраз әлеуметтік мәселелерін білемін. Оның үстіне 38 жыл бойы Көкшетаудағы басылымдарда журналист болып еңбек еткен адаммын. Сондықтан сол өңірдің жетістігін де кемшілігін де жақсы таныс»,-деді сенатор.