Ауыл жастары спортпен айналысуы үшін тиісті жағдайлар толық жасалуы керек
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Ауыл жастарына жаппай спортпен айналысуы үшін тиісті жағдайлар толық жасалуы керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдап,
осы мәселені көтерген депутат Тұрарбек Асанов Райымбек ауданы орталығынан «Жастар спорт кешенін» салуға қолдау сұрады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс екендігін үнемі айтып келеді. Қазіргі таңда спорттың дамытылуға тиісті салалары жеткілікті. Соның ішінде халықтың дене шынықтыруы және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту мемлекетіміз үшін маңызды мәселе екенін Елбасымыз «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетті. Ауылдарда спорттың дамуына айрықша мән берілуі керек деп ойлаймыз. Өйткені біздің әйгілі спортшыларымыздың басым бөлігі ауылдан шыққан түлектер. Ол үшін аудан орталықтары мен ауылдарда спорт кешендері салынуы қажет», - дейді Т. Асанов.
Оның айтуынша, Алматы облысының Райымбек ауданындағы 54 елді мекенде 80 мыңға жуық тұрғын бар болса, оның үштен бірі жастар. Алайда қазіргі уақытқа дейін ауданда ешқандай спорт кешені салынбаған. Бірақ бұған қарамастан спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен республика мақтанышына айналған әйгілі спорт саңлақтары аз емес.
«Ауыл жастарына спортпен шұғылдануына толық жағдай жасасақ, ертеңгі күні еліміздің көк туын желбірететін саңлақ спортшылар солардың ішінен шығатынына кәміл сенемін. Сонымен қатар, жастардың бос уақытында спортпен айналысуына мүмкіндіктер жасау керек. Осыған байланысты Райымбек ауданының ортылығы Кеген аулында «Жастар спорт кешенін» салу мәселесі алдағы жылдың жоспарына енгізілсе игі», - дейді депутат.