Ауылда сапалы медициналық қызметке қолжетімділік қамтылмай отыр - Д.Назарбаева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауылда сапалы медициналық қызметке қолжетімділік әлі қамтылмай отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутат Дариға Назарбаева мәлімдеді. Жиында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы талқыланған болатын.
«Халыққа ауруханалар мен емханалардың қолжетімділігі қамтылмай отыр. «100 мектеп» пен «100 аурухана» бағдарламасы бойынша 71 нысан салынды, оның 25-і ғана ауылда. Қалған нысандарды 2016 жылы аяқтау жоспарланған. Дегенмен, қалған 13 нысанның құрылысы әлі басталмаған. Бұның өзі адамдардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі мәселесінің, әсіресе, ауылдық жерлерде әлі шешімін таппай отырғанын көрсетеді. Көптеген ауылдар аудан орталықтарынан қашықта орналасқан. Ендеше, ауа райының қолайсыздығы жағдайларын, біздің жолдарымыздың жай-күйін есепке алсақ, шұғыл медициналық көмекті қажетсінетін күйге тап болған адамның жай-күйін көзге елестетудің өзі қиын», - дейді Д.Назарбаева.
Осыған орай, депутат министрлікте жоспарлау жұмысы сын көтермейтінін, кейбір нысандарды салу барысында олардың аудан мен ауыл арасындағы қолжетімділікті шешуді көздемегенін алға тартты. «Бір өңірдегі жұртшылық емдеу мекемелерінің тапшылығынан жапа шегіп жатса, екінші бір өңірлерде олар дұрыс жұмыс істеп тұрған да жоқ, қондырғылармен де толық қамтамасыз етілмеген», - дейді халық қалаулысы.