Ауылда жаңа жұмыс орындары ашылса, қалаға ешкім қайта сабылмайды ? академик Ғани Қалиев
АЛМАТЫ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дағдарыстан кейін қалада жұмыссыз қалған халық қайтадан ауылға қайтып жатыр. Егер шенеуніктер ауылға бөлінген қаражатты талан-таражға салуын қоймаса, олар тағы да көп тұрақтамайды,
дейді «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. «Өтпелі кезеңде елімізде 15 миллион гектар жер жыртылмай қалды. Ал мал басы 2,5 есе кеміді. Тіршілік көзінен айрылған халық жұмыс іздеп ауылдан қалаға ағылды. Енді экономикалық дағдарыс кезінде өндіріс көлемі азайған соң олар тағы да жұмыссыз қалуда. Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 280 миллиард теңге, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 120 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Егер мектеп салып, жолдарды жөндейтін болсақ, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болмақ. Алайда бұл жұмыстың нәтижелі болуы, бөлінген қаржының өз орнына тиімді жұмсалуына байланысты», - дейді ҚР ҰҒА академигі Ғани Қалиев. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытуға 2009-2011 жылдары бюджетте қарастырылған 450 миллиард теңге жеткіліксіз. Ол қаржы 900 миллиард теңге көлемінде болу керек. Сондықтан партия жетекшісі Үкімет мәжілісінде «ауылдықтар» атынан арнайы хат жолдауға мәжбүр болып отыр.