Ауылдағы еңбек адамының мәртебесіне назар аудару керек - Жигули Дайрабаев

«Қазір ауыл шаруашылығында проблема баршылық. Біріншіден, қарапайым еңбек адамының мәртебесіне назар аудару керек, яғни жұмысшылардың жағдайын жасау маңызды. Олардың қатарында мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешіп жүрген қарапайым инженерлер, механиктер, комбайншылардың, малшылардың, құрылысшылардың мәртебесін қайта қарау қажет. Атап айтқанда, осы салалаларда жүрген адамдар қоғамда құрметті орнын алуы керек», - деді Ж. Дайрабаев.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген түрлі формадағы 280 мың шаруашылық бар. Солардың барлығын салықтан босатудың амалын қарастыру қажет.
«Өйткені қазір ауылға барып жұмыс істеп, ауылды көркейтетін адамдар сирек кездеседі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында жүрген азаматтарға тиісті мүмкіндіктерді жасау қажет. Мұнымен қоса, квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарды ауылға қарай қайтару мәселесін ойластырмақпыз. Себебі ауыл шаруашылығындағы өңделмеген өнімді өткізетін орындар, өңдейтін арнайы кәсіпорындар ұйымдастырылмаған. Сондықтан осы мәселелерге ерекше басымдық беру керек», - деді Жигули Дайрабаев.
Сонымен қатар ол ауылдардағы жол, сумен қамтамасыз ету және басқа да инфрақұрылымына қатысты шешілмеген мәселелер бар екенін айтты.
«Елді мекендерге газ, ғаламтор тартып, мәдени нысандар салу қажет. Жастардың ауылға оралуына тиісті мүмкіндік жасау маңызды. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі туралы тиісті заң қабылдау керек. Біз осы бастаманы көтеретін боламыз. Ауыл шаруашылығында тұрақтылық болмай тұр, министрлер жиі ауысады. Осыған дейін бұл салада біраз кемшіліктерге жол берілді, сондай-ақ бағдарламалар мен жоспарлар тиісті деңгейде орындалмай қалды», - деді Ж. Дайрабаев.
Еске сала кетейік, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдерінің арасында өткен пікірсайыс бірер сағат бұрын аяқталды. Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысты.