Ауылдағы мәдениет үйлерінен қара құлып көрдім – Азамат Сатыбалды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Ұлттық құрылтай қарсаңында жұмыс секцияларының отырысы өтті. Жиынға қатысқан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды мәдениет саласын көтеру керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауылдағы мәдениет үйлерінен қара құлып көрдім – Азамат Сатыбалды
Фото: kaznai.kz

«Ғалам жаһандық мәдениет саласында, соның негізінде өмір сүріп жатыр. Біз әліге дейін ауылдық, аудандық, қалалық мәдениет деп бөлінеміз. Мұның аражігі болмау керек. Барлығымыз жалпы ұлттық жаһандық мәдениетке ұйысуымыз қажет. Қазір ауыл мен қаланың арасындағы айырманы алып тастайтын уақыт келді. Себебі барлығы қолжетімді», – деді ол.

Сондай-ақ Азамат Сатыбалды ауылдағы мәдениет үйлері тек қағаз жүзінде жұмыс істейтінін жеткізді. Сол себепті, ол Ұлттық құрылтай жиындарында ауылдардағы мәдениет үйлерінің санын арттырып, сапасын көтеру керектігін айтып жүргенін жеткізді.

«Көпке топырақ шашпаймын. Көптеген жерге барып жүрмін. Мен Мәдениет үйлері жұмыс істеп тұрған ауыл көрген жоқпын. Барлығында қара құлып тұрады. Ал қағаз жүзінде керемет жобалар жасалып, үйірмелер істеп тұр. Іс жүзінде ауыл, аудан әкімінің жиналыс өткізетін орны. Бұл болмайды. Ауылдағы мәдениет үйлерін жандандыруымыз керек. Аудандағы мәдениет үйлерінде кинотеатрлар мен қуыршақ театрлары болуы керек. Мәдени ошақтардың санын көбейтіп, сапасын арттыруымыз қажет», – деді ол.

Сондай-ақ, Түркістан топырағында өткен құрылтайда елдің өркендеуі жолындағы маңызды шешімдер қабылданатынына сенім білдірді.

«Біз жыл бойы кішкене топтарға бөлініп, бір жылғы проблемаларды көтеріп, ұсыныстар жасадық. Ертең Президент біразының шешімін айтады деген ойдамыз. Құрылтайдың Түркістанда өтуі үлкен мәртебелі ұғым деп түсінемін. Киелі жерде елдің болашағы, елдің өркендеуі үшін шынайы бір шешімдер қабылданып, тың дүниелер айтылып жатса, құба-құп», – деді ол.