Ауылдағы спортты дамыту ісіне көңіл бөлмесек, даңқты спортшыларымыздың ізбасарларын жоғалтып алуымыз ықтимал - Сенат депутаты
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Ауылдағы спортты дамыту ісіне көңіл бөлмесек, Қазақстанның атын әлемге асқақтатқан кәсіби спортшыларымыздың ізбасарларын жоғалтып алуымыз ықтимал.
Бүгін «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңының орындалу барысына байланысты Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевпен кездесу барысында сенатор Ақан Бижанов осылай деді.
«Егер біздің чемпиондарымыз бен даңқты спортшыларымыздың өмірбаяндарын сараптап көретін болсақ, олардың басым көпшілігінің ауылдық аймақтардан шыққанын байқаймыз. Егер біз ауыл спортына көңіл бөлмесек, осы әлеуеттен ажырап қалуымыз мүмкін. Қазіргі таңда республика мектептерінде де осындай жағдай қалыптасқан десе болады. Онда спорт залдары мен спорттық нысандар мектептен тыс уақытта барынша тиімді пайдаланылмай отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы біздің алдымызға спорттық инфрақұрылымдарды тұрғындардың пайдалана алуларына барынша жағдай жасау қажеттігін айтты. Осы себепті бізге қазір спорт пен дене шынықтыру саласын дамыту үшін тиісті заңнамалық шарттар мен материалдық-техникалық база қалыптастырып, бірлескен қимылдарды жетілдіру керек»,-деді сенатор.