Ауылдағы жеке шаруашылыққа берілетін шағын несие 5 млн. теңгеге дейін өседі - Т. Дүйсенова

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекет тірек елді мекендердің кешенді дамуының жобаларын дайындап, оларды жергілікті қауымдастыққа ұсынады.

Ауылдағы жеке шаруашылыққа берілетін шағын несие 5 млн. теңгеге дейін өседі - Т. Дүйсенова

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында ауылдағы жеке кәсіпкерліктер арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту бағыты қарастырылады.

Т. Дүйсенованың айтуынша, аталған бағыт, біріншіден, ауылдағы жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге қолдау болады. Аталған шаралар шеңберінде ауыл тұрғындарының өзінің жеке шаруасын ашып, оны дамытуға деген бастамасын қолдайтын тетіктер іске асырылып, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасында қолға алынған шағын несиелеу механизмі ұсынылады. Бұл 3 млн. теңгеге дейін шағын несие беріліп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының жетіспейтін бөліктерін салу және дамыту, сондай-ақ, басқа да түрлі қызметтер көрсету деген сөз.

Екіншіден, тірек ауылдарын кешенді түрде дамыта отырып, белгілі бір ауылдағы азаматтарды жұмыспен қамтуда мемлекет қолдауын бір арнаға тоғыстыру.

Сонымен қатар, әрбір нақты ауыл үшін жеке-жеке кешенді дамытудың шеберлік-жоспары жасалып, олар жергілікті қауымдастықпен келістірілетін болады. Шеберлік-жоспар ауылдық елді мекенді дамытып, ондағы жұмыс орындарын құруда қажет болатын барлық инфрақұрылымдардың салынуын, жұмыс орындарының ашылуын, және басқа да шараларды қамтиды.

Тағы атап өтетіні, Т. Дүйсенованың айтуынша, шағын несиелеу бойынша жасалатын жұмыстар да жалғасын табады. «Бірінші бағыттан айырмашылығы, ауылдағы бір қосалқы жеке шаруашылыққа берілетін шағын несие көлемі 5 млн. теңгеге дейін өседі. Қарыз алушыға берілетін сыйақы мөлшері 6%-дан аспайтын болады», - деді Т. Дүйсенова.

«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының аталған бағытына 25,7 млрд. теңге қарастырылған, 11,5 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Әзірге жоба бойынша Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстары бойынша 11 тірек ауылдық елді мекен белгіленген.