Ауылдарды ауызсумен қамту көрсеткіші төмен өңірлер аталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сумен қамтамасыз ету деңгейін артыру үшін көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін ел халқын түгелдей сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл міндет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылады», - деді Бейбіт Атамқұлов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, 2020 жылы елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,1% құрады, оның ішінде: ауылдарда - 90,1%, қалаларда - 97,5 %.

«Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш ауылдарда – 91,8%, қалаларда – 98% жетуі тиіс. Бүгінгі таңда өңірлерде таза суға қолжетімділік әртүрлі деңгейде. Ауыз сумен қамту деңгейі 3 өңірде: Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында жоғары. Жекелеген өңірлерде артта қалу байқалады. Ауыл халқын ауызсумен қамту деңгейі 4 өңірде ең төмен. Олар: Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары», - деді ол.

Сумен қамтамасыз ету деңгейін артыру үшін көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді.

Сондай-ақ, «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасына енгізілген ауылдарға және Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарларына енгізілген жобаларға басымдық беріледі.


Соңғы жаңалықтар