Ауылдарды дамытуға Самұрық-Қазынаның мүмкіндігін пайдалану керек – Жигули Дайрабаев
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шекара маңындағы аудандарды қалпына келтіру жұмыстарына «Самұрық-Қазынаның» мүмкіндігін пайдалану керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде барлығы 1 828 белсенді ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны тіркелген. Оның ішінде 448-і ет, 52-сі жеміс-жидек пен көкөністі, 63-і өсімдік майлы дақылын, 227-сі сүт өнімін, 252-сі ұн мен жарма өнімдерін өндіріп жатыр. Ірі қара мал басының артуына және қолданыстағы кәсіпорындардың жетіспеуіне қатысты ет-сүт өнімдерін қайта өңдейтін шағын әрі орта кәсіпорындарды салу қажет. Мысал ретінде көптеген өңірде, яғни Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар облыстарында мал басы жоспарлы түрде артқан. Аталған өсімді ескере отырып, әр өңірде өңделген еттің, сүттің үлесін арттыру қажет», - деді Ж. Дайрабаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, майлы дақыл бойынша Қазақстандағы 63 кәсіпорынның жетеуін жаңғырту керек. Бұдан бөлек, өнімнің артуына байланысты, еліміз бойынша кем дегенде 5-6 жаңа кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Сол себепті, қазіргі кезде әр өңірде қайта өңдеу кластерін құру қажет болып тұр. Ол үшін аймақтың өндірістік қуаттылығын арттыру керек. Өйткені фермер-шаруа өсірген өнімін өткізу үшін алысқа бармауы қажет. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, сонымен қатар аграрлық сектор өкілдерінің уақыты мен қаржысын үнемдеуге де септігін тигізеді. Осы себепті жергілікті билік өңірлердегі өндірістік қуаттылықты айқындап, шұғыл түрде шешім қабылдауы тиіс.
Сонымен қатар Ж. Дайрабаев шекара маңындағы аудандарды қалпына келтіру жұмыстарына «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес 279 компаниясын жұмылдыру керек екенін айтты.
«Тапсырма беріп, әр ауылда кем дегенде бір ауыл шаруашылығы бағытындағы толық циклді өндіріс салуды неге жүктемеске? Сол ауылдардың инфрақұрылымын қалпына келтіріп, тұрғылықты халық санын арттыруды қолға алып, жағдайды реттеу үшін көшіп-қону саясатын өзерту керек. Мемлекет тек жұмыс күші жетіспейтін солтүстік және шығыс өңірлеріне ғана емес, осы шекара бойындағы елді мекендерге халықтың шоғырлануына да өз назарын аудару керек», - деді ол.