Ауылдарды ғаламтормен қамтамасыз етудің жол картасы әзірленеді - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ауылдарды ғаламтормен қамтамасыз ету бойынша жол картасы әзірленеді. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Мəлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мəжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауылдарды ғаламтормен қамтамасыз етудің жол картасы әзірленеді - Ақмола облысы

Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, Аппарат мəжілісінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындылары қаралып, алға қойған міндеттерді өңірде жүзеге асыру жолдары сөз болды.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында біраз мəселе көтерілді. Оның барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Соның негізгілеріне тоқталғым келеді", деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасында өңдеуші өнеркəсіп саласының үлесін арттыру бойынша нақты шараларды қолға алу қажеттігіне назар аударды. Бұл жағынан алғанда Ақмола облысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіліп отыр. Индустриялды инновациялық даму бағдарламаның арқасында өңдеуші өнеркəсіптердің үлесі 80 пайызға дейін, еңбек өнімділігі 5,2 пайызға дейін өсті. 2017 жылы 7 индустриялдық жоба іске қосылып, 1119 жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар, Мəлік Мырзалин Елбасының маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мəселесіне көңіл бөлгенін атап өтті. Мəселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша нарықтық механизмдерді қолдана отырып, баспана бағасын түсіруге жағдай жасауды тапсырды.

Айта кетейік, өткен жылы облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 426 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Ал, биылғы жылы бұл тұрғын үй құрылысының көрсеткішін 3 есеге ұлғайту көзделген.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласында сабан өңдеп, одан қағаз, органикалық тыңайтқыштар, биогаз шығаратын жоғары технологиялы зауытты іске қосу үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оған қоса, шетелдік инвестиция есебінен бидайды терең өңдеп, одан крахмал, биоазық алатын зауыт салу жоспарда бар.

Денсаулық сақтау саласы жүйесін ақпараттандыру бойынша аймақ басшысы қысқа мерзім ішінде əр елдімекенге талдау жүргізіп, ғаламтордың қол жетімді болуы үшін жол картасын жасауды тапсырды.

Еске сала кетейік, еліміздің төрт өңірінде, оның ішінде Ақмола облысындағы денсаулық сақтау нысандарында қағазсыз жүйе пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.

Қазіргі кезде, облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінің 76 пайызы кешендік медициналық ақпараттық жүйесін қолданады.

Сонымен қатар, аппарат мəжілісінде газ тарту, қазадықтарды қалпына келтіру жəне су тасқынын алдын алу мен еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мəселесі де сөз болды.

«Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бағытында кәсіпорындарда  ұжымдық келісім шарт жасау жəне кәсіподақ ұйымдарын құру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Қазіргі кезде облыстағы кəсіпорындардың 35 пайызында ұжымдық келісім шарт жасалынған жоқ», - деді аймақ басшысы.