Ауылдарды интернетпен қамтуға арналған сайт іске қосылады
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының мақсаты – халық пен бизнесті оптика арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету. Жобада негізгі көрсеткіштер де ұсынылған. Ол көрсеткіштерге қол жеткізу үшін облыс әкімдіктерімен әр елді мекен бойынша нақты жоспар жасақталып жатыр. Бүгінде ШҚО, Ақтөбе облысы бойынша жол карталары әзірленді. Осылайша, әр елді мекенді интернетке қосу бойынша ақпарат дайындалып, ол арнайы сайтқа жүктеледі. Арнайы сайт биыл маусымда іске қосылады», -деді Бағдат Мусин Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, министр байланыс сапасын жақсарту мақсатында басты нормалар әзірленгенін айтты.
«Байланыс операторларына оптикалық желілер және ұялы байланыс жабдықтарын орналастыру үшін жылжымайтын мүлік объектілеріне (көппәтерлі тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, бизнес-орталықтары, өнеркәсіптер, тағы сол сияқты) тең қолжетімділік ұсынылмақ. Оның нәтижесінде көппәтерлі тұрғын үйлерде бірнеше байланыс операторына қосылу мүмкіндігі болады. Республикалық және жергілікті автожолдарды жоспарлау және жөндеу кезінде оптикалық желілер салу қарастырылады. Ол автожол бойын сапалы байланыспен қамтуға мүмкіндік береді», - дейді ведомство басшысы.