Ауылдарға поштаны жедел жеткізу үшін дрондар пайдаланылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шалғайдағы ауылдарға газеттерді жедел жеткізу үшін дрондар пайдаланылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлім етті.
Газеттер мен журналдарды ауылдық шалғай жерлерге жеткізу мәселесіне тоқталған ол: «Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. 2014 жылы газеттерді жеткізу мәселесіне талдау жасадық. Шалғайда орналасқан ауылдарға газеттер ең ұзақ дегенде сегізінші күні жеткізілетін. Қазір бұл мерзімді қысқарту тұрғысындағы жұмыстардың барысында үшінші күнге жеткізіп жатырмыз. Яғни, сегіз күннен үшінші күнге жеттік»,- деді Б.Мусин.
Осы орайда ол мұнымен тоқталмай, енді басылымдарды жеткізуді 2-1 күнге дейін азайту бағытында шаралар зерделенуде екенін жеткізді. Алайда бұл тұрғыда көліктік және басқа шығындар артуы мүмкін.
«Кеңесшілердің мәліметіне сүйенсек, қазір барша әлемде ұшқышсыз әуе аппараттарын, яғни шағын ұшақтар секілді дрондармен газеттерді тасымалдау зерттеліп жатыр. Біз де осы жобаны талқылаймыз және қанатқақты жоба ретінде енгізіп көреміз. Нәтиже болса, шалғайдағы ауылдарға газеттерді барынша жедел жеткізуге қол жеткізіледі», - деп түйді басқарма төрағасы.