Ауылдастары «Алтын домбыралы» ақынға ат мінгізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Айтыстың ақтұйғыны, екі мәрте «Алтын домбыраның» иегері Мұхтар Ниязовқа ауылдастары ат мінгізіп, шапан жапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауылдастары «Алтын домбыралы» ақынға ат мінгізді

Ол өзі туған Сыр өңірінің  жеті ауданын аралап, жанкүйерлерімен жүздесті. Бұл туралы «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбай өзінің әлеуметтік желі парақшасында былай деп жазды.

«Ақын жерлестерімен кездесу сапарын өзі туған Жалағаш ауданы, Ақарық ауылынан бастады. Салтанатты түрде күтіп алған туған ауылы ақынды сахна төріне шығарып, лайықты құрмет көрсетті. Шараны жүргізген ұстазы Мамыр Байдәулетов қасиет қонған Ақарық ауылының тарихы мен Мұхтардай алтын ұл шыққан әулет жайында кеңінен әңгіме өрбітті. Шараға облыстық жастар орталығынан, аудан басшылығынан өкілдер арнайы қатысып, ақ лебіздерін білдірсе, ағасы әрі ұстазы, журанлист, белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы кешегі бала Мұхтарды суреттей сыр шертті. Сонымен қатар әрі ақын, әрі жыршы Марат Сүгірбай жырдан өнерін ортаға салып, ауылдың әжелер ансамбльі әсем әннен шашу шашты. Шара соңында ауыл тұрғындары ауылдың, ауданның ғана емес Сыр өңірінің, жалпы қазаққа ортақ азамат ұлдарына ақбоз ат мінгізіп, шығарып салды», - деп жазады.

Енді ақын бүгіннен бастап Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарын аралап, жұртпен жүздеспек екен.