Ауылдық аумақтарды дамытуға арналған іс-шаралар толық аяқталса игі - Б. Жылқышиев

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ауылдық аумақтарды дамытуға арналған іс-шаралар толық аяқталса игі. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Болат Жылқышиев осылай мәлім етті.

Ауылдық аумақтарды дамытуға арналған іс-шаралар толық аяқталса игі  - Б. Жылқышиев

«Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуына көп қаржы бөлінді. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, ауылдарды дамыту шараларына 760 миллиард теңге жұмсалды. Көптеген мектептер, аурухана, телефон желілері, мәдениет орындары жөнделді, іске қосылды. Бағдарламаның елімізге, экономикамызға мәні өте зор болғаны айқын. Алайда, ауылда шешімін таппаған күрделі мәселелер әлі де аз емес», деді сенатор Б. Жылқышиев. Оның айтуынша, ауылдық аумақтардағы проблемаларды шешуге бір жағынан қаржының аздығы қолбайлау болса, екінші жағынан елді мекендердің шалғайлығы да әсер етуде.

«Басталған бағдарлама тоқырап қалмауы үшін алынған бағытта әрі қарай жұмыс жалғасуы қажет. Осыған байланысты бір ұсыныс туындап отыр. Ауылды дамыту мәселелерін Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Аумақтық-кеңістіктік дамудың болжамды сызбанұсқасына жеке бөлім ретінде енгізіп, басталған іс-шаралардың дұрыс деңгейде, толық аяқталуын қамтамасыз ету қажет деп санаймыз», деді сенатор.