Ауылдық аймақтағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны елдегі жұмыс істеп жүрген адамдардың 70 пайыздан астамын құрайды - дөңгелек үстел отырысы
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың құрылымы жөніндегі статистикалық мәліметтер, аталмыш санаттағылардың саны жыл сайын төмендеп отырғандығын көрсетеді.
Есесіне, жалдамалы жұмысшылардың саны өсіп отыр. Өткен жылдың 3-ші тоқсанындағы ресми көрсеткіштер бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны елде 2,7 миллион адамды құрайды. Немесе, олар елдегі жұмыспен қамтылған азаматтардың жалпы санының 33,8 пайызы. Бұл мәселені бүгін Астанада «Алматы қаласы мен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының үлгісіндегі халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту жағдайы туралы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ішінде әйелдер саны 1,4 миллионды құрайды екен. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың басым бөлігін, яғни 89 пайызын немесе 2,4 миллионды өз еркімен тірлік жасай алатын азаматтар құрап отыр. Бұл санаттағы азаматтардың басым бөлігі немесе 1,3 миллион адам өздері тұрып жатқан тұрғын үйлердің аймағындағы жұмыстармен айналысады және олардың тұрақты емес кірістері бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда, автомобиль бұйымдарын жөндеу, көлік және құрылыс саласындағы жұмыстармен айналысып жүргендер де бар. «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың тұрғылықты жеріне байланысты жүргізілген зерттеулер олардың негізінен еліміздің оңтүстік өңірлері мен республиканың ауылдық аймақтарында орналасқандығын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда ауылдық аймақтағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 1,9 миллион адамды құрады. Бұл жұмыспен қамтылғандардың 70 пайызынан астамы», деді вице-министр.