Ауылдық аймақтар жыл бойы қызмет көрсететін спорттық нысандарға аса зәру - Т.Ермегияев
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Еліміздің ауылдық аймақтарында тұрғындарға жыл бойына қызмет көрсететін спорттық нысандарға қажеттілік өте жоғары.
Бұл туралы бүгін еліміздің «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңының орындалу барасына байланысты Сенат депутаттарымен кездескен Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев мәлім етті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары еліміздің аймақтарында спорт инфрақұрылымын дамытуға қажетті шығындар қысқартыла түсуде. Нәтижесінде республиканың кейбір аймақтарында төбесі жабылатын спорттық нысандардың құрылысы мүлдем тоқтады.
«Ал қазіргі жұмыс істеп тұрған спорт ғимараттары тұрғындардың қажеттіліктерін толық өтей алмай отыр. Бұл, елімізде дене шынықтыру және спорт кешендерін тұрғындардың сұраныстарына сай сапалы, қазіргі заманғы құрылғылармен жарақтандыратын уақыт жетті дегенді білдіреді. Дене шынықтыру және спорт кешендері бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар бұл кешендер балалар мен жасөспірімдердің мектептегі сабақтардан соң ең көп жиналатын орнына айналады. Ал олардың дарындылары үшін аталған кешендер үлкен спортқа шығар шыңның басы болмақ»,-деді агенттік төрағасы.