Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту: СҚО-да ұлттық жоба аясында 46 нысан салынады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынатын медициналық нысандардың 9-ының құрылысы биыл басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісовтің айтуынша, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде 46 нысан салынбақ. Олар халық көп қоныстанған елді мекендерде бой көтереді. Соның 9-ының құрылысы осы жылы басталмақ.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасы да жаңартылады. Емдеу мекемесіне 919,3 млн теңгеге медициналық қондырығылар алынып, 477 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілмек.

«Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 жоба қолға алынып, Андреевка елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандық ауруханада босану және терапия бөлімдері, емдеу мекемесінің баспалдақ алаңдары күрделі жөнделді. Ал, жергілікті бюджет есебінен 146 млн теңгеге 2 жоба жүзеге асты. Бұл қаражатқа облыстық көпбейінді балалар ауруханасының кіреберісіне және облыстық фтизиопульмонология орталығы емдеу ғимаратының шатыры ауыстырылды», - дейді Құмар Күсемісов.

Биыл да бірқатар ірі жоба қолға алынбақ. Мәселен, облыстың кешенді жоспары бойынша Кішкенекөл ауылында 250 адамға шақталған емхана құрылысы басталады.

Петропавлдағы «Береке» мен «Жас Өркен» шағын аудандарында бір мезетте 250 адам бара алатын емханалардың құрылысы жалғасады.

Жалпы, былтыр СҚО-да тек медициналық қондырғыларды сатып алуға ғана 3,4 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаражатқа МРТ, КТ, бейнеэндоскопия кешені, рентген апппараттары сияқты 255 қондырғы сатып алынды.

Бұдан басқа саланың техникалық паркі 267,7 млн теңгеге 15 JAC және УАЗ санитарлық автокөліктерімен толықты.


Соңғы жаңалықтар