Ауылдық несие серіктестіктері еліміздің әрбір ірі ауыл округтерінде ашылуы тиіс - Қ. Айтаханов

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Ауылдық несие серіктестіктерін еліміздің әрбір ірі ауыл округтерінде ашып, несие алушы шаруа қожалықтары санын бірнеше есеге көбейту қажет.
None
None

Бұл туралы Парламент Cенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов мәселе көтерді.

«Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет қабылдаған «Агробизнес - 2020» бағдарламасындағы міндеттерді орындауда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелеудің рөлі ерекше. Өйткені, жүйелі түрде қалыптасқан, қолжетімді, пайыздық ставкасы төмен несие ресурстары шаруалардың жағдайын жақсартады, ауыл шаруашылығы өнімін мол өндіруге ықпал етеді. Алайда, еліміздің агроөнеркәсіп саласына несие ресурстарын тарту мәселесі әлі күнге дейін қағидатты түрде шешімін таппай келеді. Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие бермейді, кепілдікке жер мен олардың ауылдағы ғимараттарын, техникаларын алмайды», - дейді депутат Қуаныш Айтаханов.

Оның айтуына қарағанда, 2012 жылы екініші деңгейдегі банктердің несие портфелі 9,9 триллион теңгені құраса, соның небәрі 322 миллиард теңгесі немесе 3 пайызы ғана ауыл шаруашылығы саласына берілген. Ал «ҚазАгро» холдингінің қаржы институттары негізінен несиелік ресурстар таратумен емес, ауыл шаруашылығын және ауылды дамытуға мемлекет тарапынан бөлінген бюджет қаражаттарын қайта бөлумен шұғылданып келеді. Нәтижесінде, депутаттың пайымынша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басым көпшілігі несиелеудің мемлекеттік те, сондай-ақ коммерциялық та жүйесінің қызметінен тыс қалуда.

«Елбасы өткендегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында «ҚазАгро» ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің небәрі 10 пайызын ғана жеңілдікті несиелермен қамтамасыз етіп отырғанын айтып, несиелеу мәселесінде батыл секіріс жасау қажеттілігіне тоқталған болатын. Аталған мәселені шешудің бүгінгі таңдағы ең тиімді жолдарының бірі ол - «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен республика аудандарында құрылған ауылдық несие серіктестіктері арқылы шаруаларды арзан несие ресурстарымен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда, елімізде құрылған 161 ауылдық несие серіктестіктерінің мүшелері республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің: астықтың - 21%, көкөністің - 9,6%, майлы дақылдардың - 14,2%, ет пен сүттің - 4,5% өндірген. Олар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржылары арқылы 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникаларын да сатып алған. 2011 жылдан бастап аталған корпорация ауыл несие серіктестіктері арқылы «Сыбаға» бағдарламасын орындауда тиянақты жұмыстар атқаруда. Сондықтан, алдағы кезде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие ресурстарымен қамтамасыз ету үшін, өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген ауыл несие серіктестіктерін еліміздің әрбір ауыл округтерінде құрып, ондағы несие алушылар санын бірнеше есеге өсіріп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 40-50% несие алуына жеткізуіміз керек», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, қазіргі кезде ауылдық несие серіктестіктері республикадағы 177 ауданның 157-сінде немесе 89 пайызы ғана жұмыс істейді. Бұл серіктестіктерге еліміздегі 188,6 мың шаруа қожалықтарының 8100-і, немесе 4,3 пайызы ғана біріккен.

Соңғы жаңалықтар