Ауылдық жерге барған жас маман көтерме жәрдемақы алып, бюджеттік несиеге ие болмақ

АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ауылдық жерге барған жас маман көтерме жәрдемақы алып, баспаналы болуға қажетті бюджеттік несиеге ие болмақ. Осыны халыққа кеңінен жеткізу қажет.
None
None
Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Ауылдық жерлер істері жөніндегі комитет төрағасы Санат Тұңғышбеков осы мәселені атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы қаңтардың 1-і күні күшіне енген заңнамаға сәйкес ауылдық жерлерге жұмысқа барған жас мамандарға шілде айында 89 100 теңге көлеміндегі бір реттік көтерме жәрдемақысы беріліп, 2010 жылдан бастап баспана алуға қажетті 802 мың теңгені құрайтын бюджеттік несие тағайындалады. Аталған тұрғын-үй несиесі 15 жылға 0,01 пайыздық сыйақы мөлшерінде белгіленіп отыр. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі әлеуметтік сала қызметкерлеріне 25 пайыздық үстемеақы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болады. «Бүгінде осы мақсатта 20 млрд. теңге көлеміндегі қаражат бөлініп отыр», - дейді С.Тұңғышбеков.Комитет төрағасы атап өткендей, бүгінде отандық агроөнеркәсіп саласындағы жас мамандардың тапшылығы 26,5 мың адамды құрап отыр. Биыл әлеуметтік сала мамандарына қолдау көрсетуге бағытталған заңнама аясында ауылдық жерлерге 11 мың жас маманды тарту жоспарланған. Айта кетейік, 2008 жылы желтоқсанның 24-і күні Елбасы ҚР «Ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік сала қызметкерлеріне қолдау көрсету және олардың белсенділігін арттыру жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. 2009 жылы қаңтардың 1-і күні күшіне енген осы заң аясында ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және басқа әлеуметтік сала қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы төлеу, бюджеттік несие беру және үстемеақы белгілеу бойынша тиісті іс-шараларды орындау жоспарланған. Осыған орай бекітілген арнайы ережеге сәйкес ауылдық жерлерге барған жас мамандардың жасына қарай шектеу қойылмайды. Осы ереже бойынша қаржылай қолдауға ие болған жас маман кем дегенде 5 жыл қызмет етуі тиіс. Ауылдық жерлер істері жөніндегі комитет төрағасы Санат Тұңғышбековтың айтуынша, аталған заң биыл күшіне енгендіктен, онымен тек ағымдағы жылы келген жас мамандар ғана қамтылатын болады.
Соңғы жаңалықтар