Ауылдық жерлерде кадрлар жетіспеушілігі туындап отыр - Ауыл шаруашылығы министрлігі

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде ауылдық жерлерде кадрларлардың жетіспеушілігі мәселесі өзекті болып отыр. Әкімдіктердің мәліметтеріне қарағанда, 2009-2011 жылдары бос жұмыс орындарын, нысандардың кеңеюі мен мамандардың тұрақтанбауын есепке алғанда әлеуметтік сала мамандарына сұраныс болжам бойынша 26 мыңнан астам адамды құрайды.

Ауылдық жерлерде кадрлар жетіспеушілігі туындап отыр - Ауыл шаруашылығы министрлігі
Бұл туралы бүгін Астанада ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитетінің басқарма бастығы Степан Лепешко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ауылдық жерлерге оралуға жастарымыз асықпай жүр, ал бұрынғы кадрлар жұмыстан кетіп жатыр. Қалалық жағдайда дәл сондай қызмет атқарып жүрген маманға қарағанда ауылдағы қызметкерлердің жалақысы жоғары болса да мамандарды елді мекендердегі жұмыс қызықтырмайды», - деді ол. Оның ішінде білім беруде - 13 330, денсаулық сақтауда - 7 340, мәдениетте - 3 755, спорт саласында - 1 122, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау бағытында 1 037 адам жетіспей отыр. «Әлеуметтік сала мамандарына деген қажеттілік көбіне Қызылорда (4 мыңнан астам адам), Қостанай (2 мыңнан астам), Алматы (2 500), Ақмола (2 мың), сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстарына тән болып отыр», - деді С. Лепешко. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерін әлеуметтік сала бойынша 48 мың маман тәмамдамақ. Оның 40 мыңнан астамы - оқытушылар, 2 мыңнан астамы - медицина мамандары, 1 800-і - мәдениет саласының мамандары. «Атап айтқанда, ұсыныс сұраныстан асып отыр. Сондықтан біз кадрлармен ұйымдастыру жұмысын қайта бағдарлауымыз қажет», - деді басқарма бастығы.