Ауылдық жерлерде мемқызметкерлер неге тапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы ауылдық жерлерде мемлекеттік қызметке баратындар аз болды. 

Ауылдық жерлерде мемқызметкерлер неге тапшы

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауылдық жерлерде кадрлар тапшылығы бізді алаңдатып отыр. Өткен жылы 5 мыңнан астам бос орынға тек 3500 адам үмітті болды, яғни бір бос орынға қызметке тұруға ниеттілер саны аз екені байқалуда. Сонымен бірге ұзақ уақыт бойы еліміз бойынша барлық бос орынның 25 пайызының орны толтырылмады. Бұл ретте, негізгі себеп ауылдық жерде мемлекеттік қызметтің тартымдылығы төмен деңгейде  болуына байланысты болып тұр. Осы проблемалар барлықтарыңызға мәлім деп ойлаймын. Тиісті жағдайды жасау үшін әлеуметтік әрі құқықтық сипаттағы шараларды нақты қабылдаудың уақыты жеткенін түсініп отырмыз»,-деді Қожамжаров «Нұр Отан» партиясында өткен мемлекеттік қызметті реформалау мәселелері жөніндегі партиялық тыңдаулар барысында.

Осы орайда агенттік басшысы елді мекендерде азаматтық қызметкерлер үшін белгілі бір жеңілдіктер бар екенін, дәрігерлер мен ветеринарлар және өзге де мамандықтарға арнайы бағдарламалар қарастырылғанын еске салып өтті. Алайда мемлекеттік қызметкерлер осы тізімге енбеген.  Жоғары оқу орнына түсу кезінде ауылдық жастардың біліміне 30 пайыздық квота болғанымен, осы мамандардың көбісі ауылдарына оралмай, қалада қалып жатады.

Мұнымен қоса, ол мемқызметкерлерді оқыту сапасы бойынша кейбір кемшіліктер бар екенін, өңірлердегі оқыту орталықтары бүгінгі талаптарға сай келмейтінін атап өтті. Сондықтан да оқыту сапасын арттыру үшін Президент Әкімшілігіне тиісті ұсыныстар енгізілген көрінеді.