Ауылдық жерлердегі мәдениет нысандарын күрделі жөндеп, қайта жаңғыртуға мақсатты трансферттер бөлінуі қажет

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет ауылдық жерлердегі мәдени демалыс нысандарын күрделі жөндеп, қайта жаңғыртуға мақсатты трансферттер бөлу мүмкіндігін қарастыруы керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Мұрат Ахмадиев осылай мәлім етті,

Ауылдық жерлердегі мәдениет нысандарын күрделі жөндеп, қайта жаңғыртуға мақсатты трансферттер бөлінуі қажет
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елбасы өзінің биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға зор маңыз берді. Мектептерді, ауруханаларды, клубтар мен кітапханаларды салуға, қалпына келтіруге және жөндеуге мақсатты трансферттер бөлу де жоспарлануда. Бүгінге дейін ауылды жерлердегі мәдени-демалыс мекемелерінің жағдайына, ауыл тұрғындарының сапалы мәдени қызметке қол жетімділігін қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды жүйелі шешу қажеттігі туралы мәселе көтерген болатынбыз. Қазір ауылдық жерлердегі мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы әлжуаз халге түсті. Көптеген нысандар күрделі жөндеуді қажет етеді. Апатты жағдайда тұрған немесе жазда ғана жұмыс істейтін мәдениет мекемелері аз емес. Сондай-ақ, кезінде жекеменшікке өтіп кеткен мәдениет орындары да өз мақсатында пайдаланылмай келеді. Міне, осының салдарынан әсіресе жастар қалаларға қоныс аударуға мәжбүр. Бұлай жалғаса берсе, ауылдарда еңбекке жарамды адамдар қалмауы мүмкін», деді депутат. Сонымен бірге, «Нұр Отан» ХДП мәдениет пен өнерді қолдауға басымдық беріп отырғанына тоқталған депутат, Үкіметтен ауылдық жерлердегі мәдени демалыс нысандарын күрделі жөндеп, қайта жаңғыртуға мақсатты трансферттер бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. «Ауылды қолдау, игі дәстүрлерді жаңғырту ? Елбасының еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына әзірлік туралы бастамасын жүзеге асыруға қосылған лайықты үлес болар еді», деді М. Ахмадиев.