Ауылдық жерлердегі пошта бөлімшелерінде көрсетілетін қызметтер саны артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауылдық жерлердегі пошта бөлімшелерінде көрсетілетін қызметтер көлемі артады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлім етті.
«Елімізде 3 137 пошта бөлімшесі болса, оның 70 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Ауылдардағы бөлімшелерге тоқталатын болсақ, жүргізілген талдау барысында олардың тек екі базалық қызметті ғана көрсетуінен тиімсіз болып отырғанын айқындадық. Яғни, біріншісі - төлемдерді қабылдау мен зейнетақыны беру бойынша қаржылық қызмет, ал екіншісі - тұрғындарға газеттерді жеткізу. Атап айтқанда, біздің қызметкер аптасына 1-2 күн ғана жұмыспен қамтылған. Осы тұрғыда көрсетілетін қызметтер аз, сондай-ақ елді мекендерде пошта ғимараттарын қаржыландыру тиімсіз болып тұр», - деп тоқталды ол. Б.Мусиннің сөзіне қарағанда, бұл бағытта кеңесшілермен тиісті талқылаулар жүргізіліп, пошта желілерінде қызмет түрлерін көбейту шешімі жасалды. «Елбасыға трансформация форумы барысында ауылдық бөлімшелерді қысқартпайтынымызды баяндаған болатынбыз. Сондықтан да біз жаңа қызметтерді зерделеп жатырмыз. Қанатқақты режімде еліміздің ауылдық жерлеріндегі 30 пошта бөлімшесінде Халық қызмет көрсету орталығы қызметтері іске асырылуда. Бұдан кейін темір жол желілері жақын елді мекендерде темір жол билеттерін сатуды ұйымдастырмақпыз. Мұнымен қоса, сақтандыру және басқа да қажетті қызметтерді қамтуды қарастырып жатырмыз», - деді басқарма төрағасы.