Ауылдың адал полицейі жайлы отандық вестерн прокатқа шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап вестерн жанрында түсірілген «Саташ» фильмі отандық прокатқа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.
Фильмнің режиссері -сценарист және журналист Төлеген Байтөкенов. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген картина қылмыскерлермен шайқасқа түскен ауылдың адал Саташ есімді учаскелік полицейі туралы баяндайды. Ол ауылды басып алған қылмыскерлерге жалғыз өзі төтеп беріп, борышын соңына дейін өтейді.
Фильмдегі басты рөлдерді Ақылхан Алмасов, Дина Тасболатова, Шыңғыс Қапин және Ержан Нүсіпақыновтар сомдайды. Ұрыс сахналарын қою Бахадыр Жалметов пен «Жал» каскадерлер қауымдастығына жүктелген. Түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Қапшағай қаласынан 40 км шақырымда орналасқан Бригадир ауылында өткен.
Естеріңізге сала кетсек, «Саташ» фильмі жақында ғана қазанның 12-21 аралығында өткен 34-ші Варшава кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан болатын.
Режиссер Төлеген Байтөкеновтың айтуынша, фильмді тамашалаған польшалық көрермендер мен түрлі елден келген БАҚ өкілдері жылы лебіздерін білдіріп, картинаның ұнағанын жасырмаған.
«Аталған кинотуынды әсемділігімен ерекшеленеді. Фильмде бәрі үйлесімді, әр кадрлары орынды, ерекше атмосфераға толы, оқиға желісі де қызықты. Фильмнің соңы да ойдағыдай аяқталады, әр композициясы есте қаларлық. Бұл нағыз заманауи вестерн», - дейді SLANT Magazine атты америкалық танымал басылымының киносыншысы Чак Боэн.