«Ауылдың орнын сипап қалмаймыз ба?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Сәурідің 24-і. /ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 24-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына сапары екі елдің байланысын стратегиялық деңгейге көтеріп, Қазақстанға инвестиция арнасының өсе түсуіне жол ашты. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Білім экономикасы Корей кереметінің бір сыры осында жатыр» атты мақала Елбасының Корея Республикасына мемлекеттік сапарына назар аударыпты. «Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапарының үшінші күніндегі алғашқы іс-шара кеше таңертең Корей университетінің ұжымымен кездесу болды. Кездесудің басында университеттің ғылыми кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті ғылым докторы атағын беру жөнінде бірауыздан шешім қабылданғаны жария етіліп, ректор хаттамаға сәйкес доктор мантиясын Елбасымызға кигізді, университеттің алтын төсбелгісін тақты», - деп жазды басылым.
Аталған тақырыпты арқау еткен мақаланы «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
"Парижде болдым - Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым - Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым - олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым - оны да түсімде көрмедім ... Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін" деген Шерхан Мұртаза сөзін эпиграфқа алып, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Мархабат Байғұттың «Ақсуым - арымдай, Жабағылым - жанымдай...» атты мақаласы жарық көріпті. Аты айтып тұрғандай, мақалада автор елімізде ең бірінші құрылған қорық Ақсу-Жабағылы туралы баяндайды.
Сондай-ақ аталған басылымның бүгінгі санында «Бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурс туралы хабарландыру» жарияланыпты.
***
«Ауылдың орнын сипап қалмаймыз ба?» Осындай сауалмен «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген мақала ауылдың бүгінгі басты мәселелерін ортаға салыпты. «Кезінде көшпенділер жұрты болып, кейіннен аграрлы елге айналып, бүгіндері тәуелсіз, индустриялы мемлекет деңгейіне жеткен еліміз қазір сол «туған топырағын» ұмытып кеткен жоқ па екен, деген ой туындайды кейде. Өйткені кіндік қанымыз тамған, ырыс-берекенің қазаны, тіліміз бен рухымыздың, дәстүріміз бен дініміздің түп қазығы - ауылдың жайы бәрімізді де көп ойландырады», - дейді басылым.
Елбасы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру шеңберінде Алматының көсем әйелдер клубының тұсаукесер жиыны оңтүстік астанада өткізілді. Егжей-тегжейін «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Алматыда алғаш Көсем әйелдер клубы жұмысын бастады» атты мақаладан оқи аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Дат!» айдарында «Ауыл шаруашылығы - атүсті жұмыс пен қағаз жүзіндегі есепті көтермейтін сала» деген тақырыппен сенатор Қожахмет Баймахановпен болған сұхбат жарияланыпты. Сұхбатта сенатор ауыл шаруашылығын дамытудағы өзекті түйіндер төңірегінде ой өрбітеді.
***
101 жастағы асыл әже Нағима Серғалиева Қостанай өңіріндегі табиғаты көркем Меңдіқара ауданының орталығында тұрады. Ол кісі 1908 жылы қарашаның 10-ында қарағай ауылында дүниеге келіпті. Ғасыр жасаған ғажап ана туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санының «Бәрекелді!» айдарынан оқыңыздар.
«Қандастарымыз «қытайланып» барады» Осы тақырыппен берілген «Айқын» гезетіндегі келесі мақала қытайдағы қазақ жұртының бүгінгі тағдырына назар аударыпты. «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Құрманғали Уәли Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке сауал жолдады. Ақиқатында халық қалаулысының көтеріп отырған мәселесі назар аударарлықтай екен. Депутаттың айтуынша, «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөліміне, Қытайдан көшіп келген 96 қандасымыздың атынан хат түскен. Атап айтсақ, бүгінгі таңда Қытайда тұратын қазақтарға, аз ұлттарға жеңілдік жасау арқылы қытайландыру саясаты кеңінен жүргізіліп келеді», - деп жазды басылым.
«Мемлекет құраушы ұлт - қазақ ұлты рухани үстемдікте болуы керек», - дейді жазушы Сабыржан Шүкірұлы «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Қоғамның бүгінгі өзекті мәселелері төңірегінде жазушымен ой бөліскіңіз келсе, аталған басылымның «Ақ сөйле» айдарына назар аударыңыз.
***
Биыл қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық өзі қаһармен еткен көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Алқалы тойдың беташары елорда төрінде бастау алып, «Бауыржан Момышұлы тұлғасы: елдік пен ерлік құндылығы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ал кешке Конгресс-холл сарайында «Ана тілдің айбыны» атты мерекелік концертте рухты ұлдың асыл бейнесін аша түсетін арнау өлеңдер оқылды, бейнефильм көрсетілді. Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы симаған» драмалық шығармасынан үзінді оқылды. «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Бірінші Бауыржанның бірегей бейнесі» атты мақала аталған іс-шараларға тоқталыпты.
VII қысқы Азия ойындарын өткізу бақыты бұйырған елорданың аталған ойынға дайындығы қалай? Бұрнағы күні «Нұр Отан» ХДП Астана қаласы бойынша филиалы, Кедендік бақылау департаменті мен «VII қысқы Азия ойындарын және Олимпиада алауы эстафетасын өткізу жөніндегі қалалық дирекциясы» МҚКК бірлесіп, дайындықтың барысын пысықтады. Бұл туралы толығырақ «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Азиада - елдің абыройы» атты мақаладан оқи аласыздар.