Ауылдың жолдары жөнделеді - министр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде алдағы 7 жылда жергілікті жолдарды жақсартуға 350 миллиард теңге (жыл сайын 50 миллиардтан - авт.) бөлуді тапсырған болатын. Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр қосымша қаржының арқасында қанша шақырым жолдың жөнделетінін айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде жергілікті жолдарға республикалық және жергілікті бюджеттерден жыл сайын 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп тұрады. Ал қосымша қаражаттың арқасында аталған сома 200 миллиард теңгені құрайтын болады.
«Бұл қаржы 5 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік бар. Жолдарды жөндеу бойынша жобалар тізбесі жасалды. Негізгі күш ауылды елді мекендерді дамытуға салынады. Аталған шаралар 2025 жылдың соңына қарай жергілікті жолдардың 95 процентін жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Р.Скляр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, Президенттің тапсырмасы аясында жеке инвестициялардың есебінен көлік инфрақұрылымы нысандарын модернищациялау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, кешегі сьезде Мемлекет басшысы жергілікті жердегі автожолдардың дамытуды Үкіметтің басты міндеті ретінде белгіледі.
«Осы мақсатта қосымша 350 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Осының арқасында 2025 жылға қарай облыстық және аудандық жолдардың 95 процентін жақсартуға болады. Аймақтағы көлік инфрақұрылымының барлық нысандары - әуежайлар, авто және теміржол вокзалдарын модернизациялау қажет», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.