«Ауылға «ароматты салық» керек пе? немесе қи-тезекке салынатын салықтан «жаман иіс шыға бастады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 наурыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ауылға «ароматты салық» керек пе? немесе қи-тезекке салынатын салықтан «жаман иіс шыға бастады» - республикалық басылымдарға шолу

***

Бүгіндері Байқоңыр ғарыш айлағы тәуелсіз еліміздің абыройын асырып, мәртебесін көтеріп отыр. Бірте-бірте бұл кешен ұлтымыздың брендіне айналары еш шүбәсіз. Осындай елдігіміздің әдемі бір көрінісі болып саналатын құт-мекен және биыл қабылданған «Ғарыш қызметі туралы» тұңғыш Заң жайлы Отанымыздың Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековті «Егемен Қазақстан» газеті әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Бүгінгі таңда осы ауқымды әрі маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, былтырғы жылдың шілде айында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған «ҚазСат-2» ғарыш аппараты штаттық пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2013 жылдың соңына қарай «ҚазСат-3» жер серігін ұшыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2013 және 2014 жылдары жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш аппараттары іске қосылмақ. Келер жылдың соңында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін толық штаттық пайдалануға беру жоспарда тұр», - дейді. Сұхбат «Байқоңыр - Қазақ елінің бренді» деген тақырыппен берілген.

Сонымен қатар осы басылымда Ақтау қаласының әкімі Оспан Қазақбаевпен арадағы екеуара әңгіме «Көлік-логистикалық дамудың орталығы» деген тақырыппен жарияланды. Басылым тілшісінің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап қатқан әкім: «Қазіргі кезде Каспий жағалауында мұнай-газ өнеркәсібінің жаңа, қазіргі заманға сай инфрақұрылымы - экспорттық құбырлар, терминалдар, теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базалары кеме жасау және жөндеу нысандары да бой көтеруде. Оған қоса облысымыз көлік жолдарының тоғысында орналасқандықтан, логистикалық тұрғыдан өте қолайлы. Осындай табиғат тартуы нәтижесінде инвестициялардың едәуір көлемі халықаралық Ақтау теңіз порты арқылы тартылуда. Осы жерде біз еліміздің теңіз қақпасы Ақтау портының мән-маңызын зерделеп, оның келешегінің бұдан зор екендігіне көз жеткізе бастадық», - дейді.

***

«Елімізде қабылданған жаңа экологиялық кодекс шаруалардың шалқасынан түсірді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті жұма күнгі санындағы «Ауылға «ароматты салық» керек пе? немесе қи-тезекке салынатын салықтан «жаман иіс шыға бастады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған құжатта малдың қи-тезегі қоршаған ортаға зиянды деп табылып, сол үшін арнайы салық енгізген. «Мұндай ақылға сыймайтын нормаларды енгізе берсек, күнделікті ішін босатқаны үшін адамға да салық енгізуге болады емес пе», - дейді мамандар.

***

«Еліміздегі тау-кен саласының жер қойнауын пайдаланушы кейбір компаниялар жер қойнауын пайдалану туралы заңды белден басып, 212,2 млрд. теңгені желге ұшырды. Тау-кен саласындағы сатып алу ісіне сараптама жасаған «NADLoC» жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігін осындай шешім шығарды», - деп жазады «Айқын»  газеті. Басылымның атап өтуінше, тау-кен секторында жұмыс істейтін 229 компанияның басым бөлігі былтыр жер қойнауын пайдалану туралы заңының бірнеше тармақтарын бұзған. Мақала «212,2 миллиард желге ұшты» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Ақорда Резиденциясында Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен және кейбір мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Қауіпсіздік Кеңесінің ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өткізілді. Отырыста ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу барысында ведомствоаралық ақпараттық өзара іс-қимылдың кейбір жақтары қарастырылды, ақпаратпен алмасудың үйлестірушілік тетіктері мен қағидаттары айқындалды.